Өз ісін терең меңгерген Елқұтты

2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Жұмысшы мамандар – бұл өндірісте, құрылыс саласында, көлік және байланыс салаларында, ауыл шаруашылығында, қызмет көрсету салаларында және тағы басқа көптеген бағыттарда еңбек ететін білікті адамдар. Олар өз ісін терең меңгерген, арнайы дайындықтан өткен, тәжірибелі қызметкерлер. Сондай жандардың бірі — «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да 30 жыл бойы тау-кен көлігін басқарып жүрген Елқұтты Рахимов.

– Өндірісте еңбек ету үлкен ерлік, батырлық десем де болады. Мейлі ол жүргізуші болсын, мейлі жөндеуші слесарь, не болмаса дәнекерлеуші болсын, тіпті, болмаса пайдалы қазбаларды сұрыптап, бақылаушы болсын, қандай мамандық иесі болса да олар жалпы өндірісіміздің негізгі мақсатына барар жолдағы жауынгерлер. Біз еңбек ететін «Казцинк» компаниясының негізгі қызметі, басты бағыты жер қойнауынан пайдалы қазбаларды игеріп, өндіріп, өңдеп, игеріп, әлемдік нарыққа шығару болса, пайдалы қазбаларға өте бай Отанымыз Қазақстанның бір кішкентай бөлшегі болып, сол әлемдік нарықта өз байлығымыздың көрінуіне тамшыдай болса да өз үлесімізді қосатынымызға қуанамын.

Мен Жәйрем комбинатына 25 жасымда келдім. Сол кездегі Автокөліктер шаруашылығы цехына су тасымалдайтын көлікке жүргізуші болып жұмысқа орналасып, Мұхит Ахатовтың қарамағында еңбек еттім. Ол кісі әлі де осы комбинатта қызмет етеді. Менің алғашқы тәлімгерім Нағашыбек Түсіпов деген азамат болды. Бар білмегенімді сол кісіден үйрендім. 8-9 айдай су тасымалдаумен айналысып, одан кейін автотартқышқа (тягач) ауыстым. Тәлімгерім Өміртай есімді азамат болды. Толық аты-жөні есімде қалмапты. Араға бір жыл салып, Құдайберген Зейілов деген басшының ұсынысымен 40 тонналық № 109 БелАЗ автосамосвалына ауыстым. Міне, осы кезден бастап менің өмірім карьерден тау-кен массасын тасымалдаушы көлікпен байланысын бастады. Бір экипажда Жайдар Сағындықов, Көкқанат Сандыбай, Сағынғали (тегін ұмытып отырмын) есімді азаматтармен бірге еңбек еттім.

Содан, бір күні сол кезде тау-кен көліктер цехының бастығы Павел Михайлович Помазан 110 тонналық БелАЗ көлігінде 1 жыл істеп шықсаң, алдағы уақытқа сатып алуға жоспарланған су жаңа Komatsu самосвалына отырғызуға уәде берді. Мен су жаңа көлік үшін емес, басшы адамның сөзін жерге тастамай аталған көлікке ауыстым. Ол кісі уәдесінде тұрды да. Бір жылдан кейін су жаңа көлікті тізгіндеп, сол көлікте 2018 жылға дейін еңбек етіп, әрі қарай сол кездегі тау-кен көліктер цехының бастығы болған Мүбәрак Кәрібаевтың «жаңа көлік еңбек өтілі ең жоғары және жұмыста озат жұмыскерлерге беріледі» деген шешімімен мен тағы да су жаңа көлікке отырдым. Бұл көліктің экипажында Айділда Жабаев, Нұрлан Иманқалов, Сергей Оқжанов сынды азаматтармен 5 жылдан астам уақыт бірге еңбек еттім. Бұл аталған азаматтармен отқа да, суға да қорықпай бірге түсуге болатын азаматтар. Кейіннен самосвалдарды «Батыс» кенішіне ауыстырған кезде шамалы уақыт су тасымалдаушы көлікті басқарып, кейіннен Caterpillar көлігіне ауыстым.

Жалпы карьердегі жұмыстар автосамосвалдармен ғана жүргізілмейді. Ол жерде бізбен қатар бірнеше түрлі тау-кен көліктері бар. Мысалы, экскаватордың екі түрі бар, оларда да мықты жігіттер еңбек етеді. Жанболат Алин, Мақсат Қоянбаев, Нұрбол Шотанов, Зәкария Айкишев, Болат Жолдасбаев. Бұл кішкентай экскаваторлардың карьердегі қызметтері орасан зор және жауапкершіліктері өте жоғары. Олар ауыр-ауыр техникалар кен тасымалдайтын ұзақ жолдардың жиегіндегі қабақтарды (бровка) көтеріп, реттеп, қауіпсіздік сақталуына барынша үлестерін қосады.

Сонымен қатар, екі автогрейдер бар. Оларды басқаратын Жамбыл Шотанов, Теміржан Нуров есімді азаматтардың міндеті кен тасымалданатын жолдарды тегістеп, жүруге кедергі келтіретін кедергілерді жойып отыру.

Кен тасымалдайтын автосамосвалдарға кен тиелетін экскаватордың кіре берісіне баратын жолдардағы кедергілерді тегістеп, реттейтін, дөңгелекті бульдозерлердің де еңбектері зор. Бұл бульдозерлерден бөлек тағы да бір ауыр техниканың түрі шынжыр табанды бульдозерлер. Олардың міндеттері кен үйінділерін және бос жыныс үйінділерін таза ұстау. Бұл техникаларды басқаратын Амандық Адиканов, Дархан Түйтебаев, Нұрлан Рахимбаев есімді азаматтар да өз істеріне мығым жандар.

Карьерде, нақтырақ айтсақ, кен үйінділерінің маңайында қызмет ететін жүк тиегіштерде Жасұлан Сембин, Тельман Шотанов, Алмаз Нұрғалиев жұмыс істейді. Бұлардың міндеттері біз апарып жеткізген кендер іріктеліп, сұрыпталып, бөлінген соң, әрі қарай полиметалл байыту фабрикасына жіберілетін кендерді шағын автосамосвалдарға тиеу.

Бір ауысымдағы басқа самосвалдардағы жігіттер Аманғали Темешбаев, Бақытжан Нұрбаев, Серік Ақжарқынов, Айтжан Даужанов та өз қызметтеріне адал, тәжірибелі мамандар. Ал өзім басқаратын № 216, 140 тонналық самосвалды Есентай Момынов, Төлеген Хуандақ, Қайрат Сыздықов сынды әріптестерім де басқарады. Біздің жұмыс кестесі, бір күн күндіз, бір күн түн, екі күн демалыс.

Мен тізбектеген барлық жұмыстың басы-қасында жүретін және мен атап өткен барлық азаматтардың жұмыстарына бақылау жасап, жауапкершіліктері мен міндеттері бізге қарағанда екі есе қырағылықты талап ететін ауысым шебері Жасұлан Ертісбаев пен жол жөндеу шебері Мұрат Мұқанов және ауысым диспетчері Алмаз Абайұлы сынды өз істеріне адал, жұмыскерлердің еңбектерін бағалай білетін азаматтар бар. Карьер ішіндегі көлік қызметтерінің дұрыс бөлінуі және оңтайлы жұмыс істелуі әсіресе, ауысым диспетчері Алмас Абайұлының жауапкершілігінде.

Жалпы мен, өзіміздің команда, яғни, тау-кен көліктері жайында кеңінен қозғадым. Ал жалпы, карьерде бізден, яғни, кен тасымалдайтын жұмыстардан бөлек, пайдалы қазбаларды алу үшін жер қатпарларын бұрғылаушы мамандар да бар. Олардың да кен игеру жолындағы еңбектері орасан зор.

Сөздің соңын түйіндесем, мен не үшін толық бір ауысымдағы жұмысшыларды түгендеп шықтым. Себебі, бәріміздің илеп отырғанымыз бір терінің пұшпағы. «Мен сондаймын, мен мұндаймын, мен былайша әрекет етемін, мен осылай жұмыс істеймін» деп асыра мақтанғым келмейді. Себебі, жоғарыда аталған азаматтарсыз менің еңбегім еш көрінбек емес. Бір ауысымдағы бір жұмысшының қателігінен, ұқыпсыздығынан, жауапкершілігі төмендігінен тұтас ауысымдағы жұмыс тізбегі бұзыларын түсіне білуіміз керек. Бір жұмыскердің аңдамай жасаған қателігі бүкіл комбинатқа ықпал ететінін де ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан, әр қимылымызды сақтықпен, қырағылықпен, бір-бірімізбен үндесе жүзеге асырғанымыз дұрыс. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, үндесе білген жандардың үндері зор шығары сөзсіз. Жасаған бейнетіміздің зейнетін көрсек, адал еңбектің адал асын ішсек одан басқа не керек, — дейді Елқұтты Рахимов.

Өмірлік жары Гүлнаш Қалижанова екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған шаттыққа толы отбасы. Үш қызы тұрмыста. Үлкен қызы Қырмызы Батықова Ағадыр кентінде тұрмыста. Жолдасы Алтай екеуі 3 бала тәрбилеп отыр. Екеуі де жергілікті мектепте ұлағатты ұстаздар. Екінші қызы Жансая Батықова жолдасы Саянмен Жаңаарқа ауданында тұрады. Үш балалары бар. Жансаясы Жаңаарқа аудандық ауруханасында медбике, ал Саян Төтенше жағдайлар мекемесінде қызмет етеді. Кенже қыздары Ақерке Батықова отбасымен Қарағанды қаласында тұрады, ұлағатты ұстаз. Жолдасы Жасұлан әскери қызметкер. Екі баласы бар. Ұлдары Жәнібек Батықов Отан алдындағы борышын Алматы қаласында өтеп келген соң, Қарағанды қаласында жедел жәрдем бөлімінде фельдшер болып орналасады. Әзірше бойдақ.

Кезінде Жәйремге келіп, қолында тұрған әпкесі Рыскүл Батыққызы қазір Қарағанды қаласында тұрады. Жездесі Аманкелді Шырынбеков екеуі бірнеше жыл «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбек еткен. Жездесі кезіндегі тау-кен көліктер цехында автослесарь болып еңбек етсе, әпкесі «Жәйрем» қонақ үйінде кезекші болған.

Кенже бауыры Елұлан Жаңаарқа ауданында тұрады. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның мердігер ұйымы «Қасқыр» ЖШС-да күзетші болып еңбек етеді. Келіншегі Ләйлә Байгелдинова – ұлағатты ұстаз. Екі қыздары бар.

Өндірісші азамат бос уақытында кітап оқығанды, үй шаруашылығына қарағанды ұнатады. Көп қабатты үйде тұрса да, аулаға шығып, көршілерін ұйымдастырып, есік алдының абаттану, көгалдану жұмыстарына араласып, мердігерлер жүргізіп жатқан жұмыстарға бақылау жасап, өз ойын ашық айтып, халыққа қолайлы, қолайсызын анықтап, ыңғайлысын жасатуға атсалысып жүреді. Жалпы, әділдікті жаны қалайтын, ойына түйген түйткіл ойларын оймақтай отырып, жеткізе білетін азаматқа қиын да қызықты жұмысына сәттілік тілеп, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Өндіріс өнімділігін өрге жеткізетін өжет те табанды, ұқыпты да қырағы өндірісшілердің маңдай алдысы болсын!

Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар жұмыс сапасын да, өнімділікті де арттырары сөзсіз. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Сондықтан, кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған азамат қашанда лайықты бағасын алып, қоғамнан ойып тұрып орын алары анық.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.