Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен «Қазақстан футбол федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігі (ЗТБ) қауымдастығының президенті Әділет Барменқұлов Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақстан футбол федерациясы» ЗТБ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Тараптардың өзара кездесуі барысында Берік Әбдіғалиұлы 2023 жылдың наурыз айында басталатын футбол бойынша Қазақстан чемпионатының екінші лигасына қатысуға өтінім беру үшін Ұлытау облысының құрылатын футбол командасы барлық күш-жігерін жұмсау керектігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс бюджетке қосымша жүктемесіз «Қазақмыс» корпорациясының инвестициялары есебінен жүргізілетін болады.
Өз кезегінде Әділет Барменқұлов Қазақстан футбол федерациясы облыс әкімдігіне қажетті әдіснамалық көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. Жалпы бұл бағыттағы жұмыс бірден үш бағытта басталмақ. Оның біріншісі облыстық футбол федерациясын ашу болса, қалған екеуі кәсіби футбол клубы мен балалар-жасөспірімдер академиясын құруға бағытталады. Ол үшін қолданыстағы инфрақұрылымды бағалау және негізінен жергілікті кадрларды даярлау қажет
Кездесуде «Қазақмыс Барлау» ЖШС Бас директоры Ғалым Нұржанов футболдың өңір үшін зор әлеуметтік маңыздылығын атап өтіп, Корпорация жаңа футбол клубына және жалпы спорттық инфрақұрылымға барынша жәрдем көрсететінін айтты.
Іс-шара барысында жұртшылық пен БАҚ өкілдері Қазақстан футбол федерациясының өкілдерінеөздерін қызықтырған және толғандырған сұрақтарын қойып, спорттың осы саласының келешегін талқылауға мүмкіндік алды.
«Біз аула клубтарының санын көбейтуіміз керек. Сонымен қатар, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларында, сондай – ақ Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында футбол алаңдарының санын көбейтуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті өңір басшысы кездесуде
Берік Әбдіғалиұлының сөзіне қарағанда кәсіби футболға ғана емес, бұқаралық футболға да баса назар аударылатын болады
Жалпы, қазіргі уақытта облыстың екі қаласында және бір ауданында ғана футбол секциялары бар екен. Онда барлығы 930 жасөспірім футболмен айналысады. Жезқазғанда футбол секциясы тек бір спорт мектебінде бар.
Меншікті ақпарат.