Қызықты да пайдалы кітап әлемі

Жәйрем №30 ЖББМ химия пәнінің мұғалімі Нұргүл Құлжабаеваның ұйымдастыруымен «Сиқырлы жаңа кітаптар алаңы» атты сынып сағаты өтті. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылған сынып сағаты оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталды.

Іс-шара барысында оқушылар топқа бөлініп, викториналық сұрақтар мен жұмбақтар арқылы кітаптардың әлеміне саяхат жасады. Бұл қызықты әрі білімді кеш барысында оқушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көр­­сетті. Постер қорғап, ойлау дағ­дыларын дамытты. Айтулы іс-шараның өткізілуіне сынып жетекшісімен қатар, мектебіміздің кітапханашысы Жеңісгүл Смайлова да атсалысты. Оқушыларға кітаптардың маңыздылығын түсіндірді және оларды оқуға ынталандырып, өз тәжірибесімен бөлісе келе, білім кілті – кітап екенін айта отырып, оқушыларды кітап оқуға шақырды. Жас ұрпақтың болашағы үшін, яғни, тағылымы мол осындай игі іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып, жалғасын таба берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Раушан АХАНҚЫЗЫ,
№ 30 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі.