Ұлытау облысының сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне Жезқазған қаласының тұрғыны құны 460 000 теңге тұратын ас бөлмесіне арналған жиһаздың орнату жұмыстарының сапасыздығына байланысты шағымын айтып келеді. Орындау уақытын созған кәсіпкер жиһазды жартылай жинап, жұмысын толығымен аяқтамай кетеді. Осылайша, несиеге рәсімделген жиһаз толықтай құралмай қалады. Тұтынушы кәсіпкерге хабарласқан кезде ол түрлі себептер айтып, жалтарып қашып жүреді. Осы орайда департамент қызметкерлері тұтынушының жағдайын заң аясында қарастырып, наразылық жазуға кеңес береді. Алайда, жазбаша наразылыққа жауап бермегендіктен тұтынушы сотқа беруге мәжбүр болады. Бұл ретте де департамент қызметкерелері құжаттарын рәсімдеуге заң аясында кеңес береді. Сот процесіне үшінші тұлға ретінде қатысқан департамент қызметкерлері тұтынушы құқығын қорғайды. Осылайша, сотқа жеткен даулы іс оң шешімін тауып, тұтынушы құқығы толығымен қорғалды. Қазіргі таңда айыпты деп танылған кәсіпкерден қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілуде.