Қызмет алушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша Департаменті (бұдан әрі – Департамент) облыс көлемінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау жөніндегі уәкілетті орган болып табылғандықтан қызмет алушыларға сапалы қызмет көрсету, қолайлы жағдайлар жасау, қызмет көрсету процесстерін жетілдіру және қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар Департамент қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.

Осы орайда, Жезқазған қаласының №26 гимназиясында (бұдан әрі – гимназия) сыртқы байқау жүргізу барысында, «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламалары бойынша оқыту үшін ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметінің негізгі талаптарының сақталмауы анықталды.

Яғни, гимназия тарапынан 15 өтініш бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесі «қол қою» мәртебесінде қалып, қызмет алушыларға түпкілікті жауап жолданбаған. Сонымен қатар, 6 өтініш бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі өтіп кетуіне қарамастан оның нәтижесі өтініш иелеріне ұсынылмағандығы анықталды.

Департаменттің жедел ден қою шаралары нәтижесінде, қызмет алушылардың бұзылған құқықтары толықтай қалпына келтірілді, яғни, мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелері ұсынылды.

Осы орайда, мемлекеттік қызмет алу барысында құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Департаментке Жезқазған қаласы, Алаш алаңы 1, ғимаратындағы №711 кабинетке немесе «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы жүгінуге болатындығын назарларыңызға жеткіземіз (байланыс телефоны – 8-7102-73-32-70).

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті.