Қытаймен ынтымақтастық: артықшылықтары мен перспективалары

Өткен аптаның басында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды келіссөздер жүргізді. Делегация құрамында қаламыздың әкімі Айқын Елеусізов те болды.

Барыс-келіс барда алыс-беріс болатыны заңдылық. Бұл жолғы барыс аясында екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қатысты бірнеше маңызды келісімдер жасалды. Ал бұл келісімдер өңірдің дамуына қандай басымдықтар береді? Қытаймен ынтымақтастықтың Ұлытау облысына әкелетін пайдасы қандай? Осыны өзімізше пайымдап көрген едік.

Инвестициялар мен жаңа жұмыс орындары

Қытайдың экономикалық ықпалы әлемдік деңгейде мойындалған және оның халықаралық инвестициялық әлеуеті де өте жоғары. Шэньси провинциясы мен Ұлытау облысы арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың дамуымен өңірде жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, өнеркәсіптің өркендеуіне және инфрақұрылымның жақсаруына ықпал ететін көптеген жобалар жүзеге асырылмақ.

Қытайдың ірі мемлекеттік компанияларының өкілдерімен жүргізілген кездесулер, сонымен қатар, бірлескен жобаларды іске асыру мен инвестициялық салада үлкен мүмкіндіктер ашады. Қытайдың тәжірибесі мен заманауи технологияларын өңірге енгізу жергілікті өндірісті жаңғыртуға, сапаны арттыруға және жаңа жоғары технологиялық өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.

Мәселен, Сиань қаласындағы BYD компаниясының электромобильдер мен аккумуляторлар өндірісіндегі тәжірибесі өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, экологиялық таза көліктерді шығаруға мүмкіндік береді. Ұлытау облысы үшін Қытаймен ынтымақтастықтың бір үлкен артықшылығы – шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлерді тарту. Бұл аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, оны халықаралық деңгейде танымал етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта өңірде бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда, олардың қатарында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және металлургиялық өнеркәсіп салалары бар. Қытаймен ынтымақтастық осы салаларға қосымша қаржы ағынын тартуға ықпал етеді.

Өнеркәсіптің дамуы мен технологиялық инновациялар

Ұлытау облысы үшін Қытаймен ынтымақтастықтың екінші үлкен пайдасы – жаңа өндірістік технологиялар мен инновациялар енгізу. Қытайдың өнеркәсіптік дамуы және оның жоғары технологияларды енгізудегі тәжірибесі өңірдегі өнеркәсіп саласының қарқынды дамуына мүмкіндік береді.

Әсіресе металлургия, машина жасау және энергия өндірісі салаларында жаңартылатын энергия көздері, электромобильдер мен аккумуляторларды өндіру сияқты жобалар жүзеге асырылса, бұл аймақтың экономикалық әлеуетін едәуір арттырады.

Қытайдың жоғары технологиялық компанияларымен тығыз ынтымақтастық нәтижесінде Ұлытау облысында заманауи өндіріс орындары ашылып, еңбек өнімділігін арттыруға болады. Мысалы, металлургиялық шлактарды қайта өңдеу бойынша қытайлық компаниялармен бірлескен жобалар металлургия өнеркәсібінің экологиялық тиімділігін арттырып, өндіріс қалдықтарын тиімді өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаны қорғау мен қалдықтарды азайтуда маңызды қадам болар еді.

Инфрақұрылымның дамуы және логистика

Қытайдың халықаралық сауда және логистика саласындағы жетістіктері Ұлытау облысы үшін үлкен мүмкіндік болып табылады. Шэньси провинциясындағы құрғақ порт пен логистикалық хабтың жұмысы жоғары деңгейде дамыған және бұл тәжірибені Ұлытау облысында да жүзеге асыруға болады.

Құрғақ порт инфрақұрылымын дамыту халықаралық сауда айналымын арттыруға, тауарлардың тасымалын тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді. Қытаймен ынтымақтастық нәтижесінде Ұлытау облысы өңірлік логистикалық хаб ретінде қалыптасып, халықаралық сауда көлемін арттыруға, еліміздің транзиттік әлеуетін толық пайдалану мүмкіндігін ашады.

Бұл аймақты Орталық Азия мен Қытай арасындағы сауда жолдарының маңызды түйініне айналдыра алады.

Агроөнеркәсіптік кешеннің өркендеуі

Қытайдың ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешенінің тәжірибесін Ұлытау облысына енгізу, өңірдің аграрлық секторын дамытып, оны әлемдік нарыққа шығару мүмкіндіктерін арттырады.

Қытайдың сүт-тауар фермаларын дамытудағы жетістіктері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудегі озық технологиялар Ұлытау облысында жаңа фермерлік шаруашылықтар мен өндірістік кешендер құруға мүмкіндік береді.

Ұлытау облысындағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Қытайдың алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы технологияларын енгізу, жергілікті фермерлерге жаңа дақылдар мен өнімдер өндіруде көмек көрсету, сондай-ақ, қайта өңдеу саласында жаңа кәсіпорындар ашу аграрлық секторды жаңғыртуға септігін тигізеді.

Мәдени-гуманитарлық байланыстар

Қытаймен экономикалық және саяси ынтымақтастықтан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстар да маңызды рөл атқарады. Ұлытау облысы мен Шэньси провинциясы арасындағы мәдени алмасулар мен білім беру бағдарламалары екі халық арасындағы түсіністік пен достықты нығайтуға ықпал етеді.

Қытайдағы жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламалары, мәдени іс-шаралар мен көрмелер арқылы Ұлытау облысының мәдениеті мен тарихы халықаралық деңгейде танытылады.

Ынтымақтастықтың болашағы

Ұлытау облысының Қытаймен жүргізілген форум аясындағы ынтымақтастығы өңірдің экономикалық дамуында маңызды кезең болып табылады. Осы форум барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің негізгі бағыттары мен перспективалы жобалары айқындалды, олардың арасында өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы ерекше назарға алынды.

Құны 12,5 миллиард теңгені құрайтын 6 меморандумға қол қою, бұл бағыттардағы жобаларды іске асыруға дайындықтың бар екенін көрсетеді. Ұлытау облысының инвестициялық әлеуеті жоғары екенін атап өткен облыс әкімі, өңірдің халықаралық ынтымақтастыққа ашықтығын және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенін білдірді.

Бұл келешекте жаңа жұмыс орындары мен өндірістік қуаттарды арттыру, инновациялық жобалар мен технологияларды енгізу сияқты маңызды артықшылықтарды ашады. Қытаймен жасалған бұл ынтымақтастықтың нәтижесі өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз етіп, Ұлытау облысын Орталық Азиядағы ірі логистикалық, өндірістік және агроөнеркәсіптік хабқа айналдыру мүмкіндігін арттырады.

Алдағы уақытта осы бағыттағы жобалар мен келісімдер өңірдің тұрақты дамуы мен халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай күшейтеді.

Қаражал қаласының болашағы

Ұлытау облысының Қытаймен жүргізілген ынтымақтастығы, әсіресе Қаражал қаласы үшін үлкен маңызға ие.

Қаражал қаласындағы тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жөніндегі бірлескен жобалар өңірдің инфрақұрылымын жаңартуға, өмір сүру сапасын арттыруға және жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл жобалар қала экономикасын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, құрылыс және қызмет көрсету саласында кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Қаражалдың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, металлургиялық және агроөнеркәсіптік жобаларды іске асыру арқылы қалаға қосымша инвестициялар тартылмақ. Қытайдың ірі компанияларымен ынтымақтастық осы аймақтың өндірістік қуатын күшейтіп, инновациялық технологиялар мен тиімді басқару тәсілдерін енгізу үшін қолайлы жағдайлар туғызады.

Қаражал қаласына осындай инвестициялық және инфрақұрылымдық өзгерістердің әкелуі қаланың аймақтық және халықаралық деңгейде танылуына ықпал етеді. Ұлытау облысы мен Қытай арасындағы осы ынтымақтастықтың нәтижесі Қаражалдың дамуында жаңа кезеңді ашып, оны экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тұрақты әрі өркендеген қалаға айналдыра алады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ