Ырыс алды — ынтымақ

Ертеде Төле би атақты Әнет Бабаға сәлем бермекке келіпті. Қазаққа аты шыққан қарт би ынтымақ пен ырыс жайында сөз айтып отырса керек. Сонда жас Төле Әнет бабадан: «Қалай еткенде бірлік болады, оның мәні қандай болмақ?» деп сұраған екен. Бұған би бір топ буылған шыбықты ұсынып, осыны «сындырып көрші» десе керек. Жас Төле оны олай бір, былай бір иіп сындыра алмапты. Мұны көрген қарт би «Енді сол шыбықты біртіндеп сындыр» десе, ол бұл жеке шыбықтарды оп-оңай быртылдатып сындыра беріпті. Әнет Баба жас баладан «Бұдан не түсіндің?» деп сұрағанда, Төле: «Мұның мәнісі – ынтымағы, бірлігі бар елді жау да, дау да ала алмайды. Онсыз тірлік жоқ!», – депті. Сонда Әнет Баба: «Дәл таптың, балам! Ел билеу үшін, ең алдымен, ауызбірлік, ынтымақ қажет! Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын дегеннің мәнісі осы» деген екен.
Бабалардан қалған осынау өсиетті ұрпақ ұмыт қалдырмай, бүгін де Қазақстан әлемге ынтымағымен танылған мемлекетке айналды. Достық пен келісімнің нышанына айналған 1 мамыр мерекесі Қазақстан қоғамындағы біріктіруші факторлардың бірі десек те болады.
Қазақстан – мәдениеттерінің, тілдері мен дәстүрлерінің әралуандығы басты байлығына айналған, ал азаматтары жасампаздық пен даму идеясы айналасында біріккен ел. Сол тұрғыдан алғанда 1 мамыр мейрамы елімізде ұлттар мен ұлыстардың достығы мен татулығының, азаматтық келісімнің, еліміздегі 130-ға тарта халықтардың ауызбірлігінің жарқын көрінісін паш етеді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.