Қырық жыл мемлекеттік қызметте

23 маусымда әлем елдерінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Бұл туралы резолюция 2002 жылдың 20 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 57 сессиясында 23 маусымда қабылданған болатын. Ал 2013 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен елімізде бұл күн мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді.

Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда әділ болулары қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті.

Сондай жандардың бірі, мемлекеттік қызметке 40 жыл өмірін арнаған — Зәмзагүл Қажымұқанқызы Оспанова.

  • Біз мемлекеттік қызметшілер халықтың қызметшілері екенімізді ұмытпауымыз керек. Халыққа жақын, әр қызметімізге әділ болып, халқымыздың мұң-мұқтажына мүмкіндігімізше көмегімізді беріп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз, — деп сөзін бастаған Зәмзагүл Оспанова теміржол саласында еңбек етіп жүрген жерінен 1985 жылдың 11 шілдесінде сол кездегі комсомол комитетінің, партияның ұсынысымен келгенін алға тартты.

Ол кездері «партия қайда болса, жеңіс сонда» деп ұрандататын кеңестік жастар еш жұмыстан қорықпайтын. Үкімет қайда жіберсе, сол салада өздерін барынша көрсетуге тырысатын. Міне, содан бері тура 40 жыл да өте шығыпты.

Мемлекеттік қызметшілік қызметін қарапайым инспекторлықтан бастаған жан, қызметтің бірнеше сатысынан өтіп, қала әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары, әкім аппаратының басшысы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымдарын аса жоғары біліктілікпен, абыроймен атқарып, қазіргі таңда Қаражал қалалық мәслихатының 4 шақырту кезеңінің депутаты, қалалық мәслихаттың төрағасы.

Ең алғаш осы күрделі де өте жауапты салаға келгенде өзін жас демей, бар көрген-білген, жинақтаған тәжірибелерімен бөлісіп, орталарына тартып, жас маманның бүгінгі күні қажырлы мемлекеттік қызметшіге айналуына үлкен үлестерін қосқан марқұм Ә.Дәулеткерімов, Б.Алин, Е.Плотников, К.Тұрғамбекова сынды жандарды сағынышпен еске алған Зәмзагүл Оспанова Ә.Әбдірахманов, Н.Қадірсізов сынды әріптестерімен әлі күнге дейін сыйласып, хабарласып тұратынын жеткізді.

  • Өз қызметім өзіме ұнайды. Себебі, еліміздің өркендеп гүлденуі жолына, халқымыздың қолайлы өмір сүріп, жарқын болашаққа нық қадам басуына арнаған 40 жыл өмірім мені бұл салаға әбден бауыр бастырды. Халқыма арнаған сан жылғы қызметім өз нәтижесін көріп жатса, ол маңдай терімнің ақталғаны болар. Аллаға шүкір, қазір Отанымыз — Қазақстан өркениетті елдердің қатарына ақырындап ілікті. Қаражал-Жәйрем өңірі де күн санап жанданып келеді. Халық қазір сауатты, көздері ашық, көкіректері ояу, ойларын ашық айтады. Оларға көмек беріп, қолдау көрсетіп отыратын халық қалаулылары — депутаттар бар.

Одан қалса, қоғамдық кеңестер мен жергілікті қауымдастықтардың белсенді, елжанды мүшелері бар. Бір-бірімен ақылдасып, бірлесе, Отан үшін, ел үшін, жер үшін, Қаражал-Жәйрем өңірі үшін көптеген маңызды шаруалар атқарылуда.

Дана халқымыздың «Бірлесе көтерген жүк жеңіл», «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деуі бекер емес. Мемлекеттік қызметшілер бар, депутаттар бар, халық бар, бәріміз ынтамақтаса татулықты ту етсек көп нәрсені еңсереріміз сөзсіз. Біздің бәрімізге керегі — еліміздің аман, жұртымыздың тыныш болып, өркениетті, гүлденген, кемелденген біртұтас мемлекет болуымыз. Балаларымыз жыламасын, аналарымыз мұңаймасын, ерлеріміз қажымасын!

Ең бастысы — мемлекетімізде тек бейбіт өмір болсын. Барлық мемлекеттік қызметшілерді төл мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз үшін, мемлекетімізге арнаған бар қызметіміз абыройлы болсын! Қызметімізге адал, халқымызға жақын болайық! — деп сөзін түйіндеген Зәмзагүл Оспановаға біз де тек жақсылық пен сәттілік тілейміз.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.