Бұл мәселе облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппарат жиынында айтылды. Өңір басшысы облыстағы барлық тоғандар мен су қоймаларын ретке келтіруді тапсырды.
Жиында өңір басшысы көктемгі су тасқынына дайындық – мезгілдік жұмыс емес, ол жыл бойы жүргізілуі керек екенін қадап айтты.
– Оның ішінде тоғандарды бекіту, тереңдету және аршу сынды жазда қолға алынған жұмыстарды қазір тіпті күшейтуді тапсырамын. Қар түскен уақытта кеш болады, — деген аймақ басшысы тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақтылы тапсырмалар жүктеді.
Өңір басшысы сондай-ақ, облыс аумағындағы барлық тоған, су қоймасын дайындықтан өткізу және ауылшаруашылығын дамытуда қолдану үшін олардың есепте болуы маңызды екенін айтты. Осы орайда облыс әкімі Қылыш су қоймасын балансқа алу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау міндетін жүктеді. Одан бөлек, қызыл судың салдарынан жылда шайылып кететін жолдарды күрделі жөндеуден өткізу үшін арнайы жоба дайындау қажеттігін жеткізді.
– Биылғы су тасқыны кезінде Ұлытау ауданында зардап шеккен «Ащылысай», «Ұлжан», «Қияқты» су ағар құбырлары қалыпқа келтірілген. Сонымен қатар, Жезді өзеніндегі атқарылып жатқан санация жұмыстары аяқталса, қауіптен сақтану мүмкіндігі жоғары. Бұл ретте қолға алынған істі соңына дейін бақылауда ұстау қажет, – деді аймақ басшысы.
Жиында Жаңаарқа ауданының әкімі ауданға қарасты Жұмажанов, Ақтүбек, Орынбай ауылдық округінде бөгет тұрғызу жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Оның айтуынша, бұл жұмыстар қыркүйектің соңына дейін аяқталады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ