Қаражал қаласы маңындағы маңызды бағыттардың бірі – Қаражал мен Қылыш су қоймасын жалғайтын автожолда жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Тұрғындар үшін стратегиялық маңызға ие бұл жолдың жаңартылуы – қала инфрақұрылымының дамуына тың серпін берері сөзсіз.
Аталған жобаның мердігері – тәжірибелі құрылыс ұйымы «ЦДС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталу кезеңінде тұр. Жоспар бойынша, алдағы күндері толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі.
Жалпы, Қаражал-Қылыш бағыты тек шаруашылық мақсатта ғана емес, қала тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігінде де маңызды орын алады. Бұл бағыт арқылы қала халқы Қылыш су қоймасына барып, балық аулап, табиғат аясында демалып қайтады. Осы жолдың ұзақ жылдар бойы тозып, ой-шұқыры көбейгені тұрғындарды алаңдатып келген болатын. Енді бұл түйткіл шешімін тауып, сапалы жөндеуден өтуде.
Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жол жөндеу кезінде қазіргі заман талаптарына сай технологиялар қолданылып, сапаға ерекше мән берілген. Асфальт жабындысы біркелкі төселіп, жол жиегі мен қауіпсіздік талаптары толық ескерілген. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді пайдалану үшін топырақ нығыздалып, су өткізу жүйелері қайта жаңартылған.
Жергілікті билік өкілдері аталған жолдың жаңаруы Қаражал қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін атап өтуде. Жол – тек қатынас құралы ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруінің кепілі. Оның үстіне, жол бойындағы туристік бағыттарды дамыту, су қоймасы маңында демалыс аймақтарын кеңейту секілді мүмкіндіктер де жол сапасына тікелей байланысты.
Жергілікті тұрғындар жөндеу жұмыстарына оң бағасын беруде. – Осы жолмен жыл сайын жазда Қылышқа барып демаламыз. Бұрын шұрық-тесік жолдан өту қиын еді. Енді міне, тегіс жолмен барамыз деген үміт бар. Ең бастысы – сапалы әрі ұзаққа шыдаса болғаны, – дейді қаражалдық Бейбіт Қасымов есімді қала тұрғыны ризашылықпен.
Қаражал-Қылыш бағытындағы жолдың жөнделуі – бұл бір ғана жобаның жүзеге асуы емес, өңір дамуына қосылған нақты үлес. Мұндай инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, болашаққа бағытталған берік қадамдардың бірі болмақ.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ