Ғылым және тұлға

Бүгін – Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні. Күнтізбедегі бұл дата кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. 12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні.

Бұл адам өзінің бүкіл өмірін туған елінде ғылым мен оны дамытуға арнады. Оның туған күніне орай Қазақстанда ғылым қызметкерлері күні атап өтіледі. Қаныш Имантайұлы Қазақ Ғылым Академиясының тұңғыш президенті ғана емес, оның негізін қалаушы, КСРО Ғылым Академиясының филиалдары мен Қазақстандағы ғылыми-зерттеу институттарын құру арқылы ғылымның дамуына қол жеткізіп, нәтижесінде Қазақ КСР Ғылым Академиясының негізін қалады.

Атаулы күнге байланысты Қаражал қаласының орталық кітапханасында «Ғылым және тұлға» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара Қаражал тау-кен техникалық колледжі студенттерінің қатысуымен өтті. Қатысушылар Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметі жайлы өздері оқыған мәлімет терін ортаға салып пікір алысты. Қазақтан шыққан тұңғыш ғалымның тек ғылым жолында ғана емес, мәдениет, тарих, математика, әдебиет, қазақ тілі, археология, этнография, техника-технология, құқық, музыка, тіпті, би өнеріне дейін тұла бойы тұнған жан-жақты терең білімді азамат болғаны жайлы айтылып, қатысушылар терең де мағыналы мәлімет алды. Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы кітаптар мен баспа материалдары насихатталып, ғалым туралы деректі фильм көрсетілді.

Осы атаулы күнді пайдалана отырып, ғылым саласының қызметкерлерін шын жүректен кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз. Атқарып жатқан қажырлы еңбектеріңіз, тың бастамаларыңыз бен жобаларыңыз, батыл идеяларыңыз бен бірегей зерттеулеріңіз үшін алғыс айтамыз. Ғылыми ізденістеріңізге табыстар, шығармашылықтарыңызға кең өріс тілейміз. Серпін болар жетістіктеріңіз молынан болсын!

Мадина АЙТБЕКОВА,

«Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.