2025 жылғы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – еліміздің құқық қорғау жүйесін жаңғыртудағы басты міндеттердің бірі деп белгіленді. Мемлекет басшысы жол-көлік оқиғаларының алдын алу, полиция қызметінің тиімділігін арттыру және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін орнықтыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Осы тапсырмаларды орындау мақсатында Қаражал қаласында қыркүйек айында республикалық деңгейде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу болды.
Іс-шараға Қаражал қалалық полиция бөлімінің 12 қызметкері жұмылдырылды. Олардың қатарында патрульдік полиция инспекторлары, учаскелік инспекторлар және басқа да құрылымдық бөлімшелердің мамандары бар. Рейд барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 67 дерегі анықталды.
Олардың ішінде қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану, жаяу жүргіншіге жол бермеу, көлікті мас күйінде басқару және техникалық байқаудан өтпеген көлік құралдарын жүргізу сияқты өрескел заңбұзушылықтар болды. Сонымен қатар, көлікті қайта жабдықтау мен тіркеу талаптарын сақтамаған жүргізушілерге әкімшілік шаралар қолданылып, кейбір автокөліктер айып тұрағына қойылды.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек жазалауға ғана емес, сонымен қатар, алдын алу мен түсіндіру жұмыстарын да қамтуы тиіс. Осыған орай рейд барысында қала тұрғындары арасында жолда қауіпсіз жүріп-тұру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік желілер мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 8 ақпараттық материал жарияланып, тұрғындарға жол ережелерін сақтау қажеттілігі туралы ескерту жасалды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында тәртіп пен жауапкершіліктің қоғамның әрбір мүшесі үшін басты ұстаным болуы қажет екенін атап өтті. Жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен мәдениеті – елдегі жалпы қауіпсіздік деңгейінің айқын көрінісі. Сондықтан, «Қауіпсіз жол» акциясы құқықбұзушылықтардың алдын алумен қатар, қоғамда құқықтық сана мен тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Қаражал қалалық полиция бөлімі Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген міндеттерін басшылыққа ала отырып, алдағы уақытта да жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.
Еліміздің тұрақты дамуы мен халықтың қауіпсіздігі – Президенттің Жолдауының басты тірегі. Бұл – әрбір азаматтың жауапкершілігі мен тәртібінің жемісі, қоғам мен мемлекеттің берік тұтқасы. Жол қауіпсіздігі – біздің ортақ құндылығымыз, әрі жарқын болашаққа бастайтын аманатымыз.
Алмаз ЖАҚАЕВ,
Қаражал қаласы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі