Шәмші Қалдаяқов – қазақ музыкасының аспанында шоқ жұлдыздай жарқ еткен ұлы композитор. Оның есімі қазақ эстрадасының дамуымен тікелей байланысты. Ол – ән арқылы халықтың жанын тербетіп, ұлттық болмысты әуенмен өрнектей білген дара дарын. Шәмші әндері тек қазақтың ғана емес, кеңестік кезеңнің талай ұрпағының жүрегінен орын алған рухани құндылыққа айналды.
1930 жылы қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында дүниеге келген ол, бала кезінен-ақ әнге, сазға жақын болып өседі. Өз бойындағы музыкалық дарынды ерте танытып, жиын-тойларда ән салып, домбыра шертіп, ел назарын өзіне аударған. Оның шығармашылық жолы 1950 жылдан басталып, 1956- 1962 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда кәсіби біліммен толықты.
Шәмшінің әндері — таза бұлақтай мөлдір, жүрекке жылы, нәзік лиризмге толы. Оның шығармаларында ұлттық әуен, халықтық нақыш ерекше байқалады. Бұл – сазгердің қазақ музыкалық дәстүрінен тамыр алғанын, сол дәстүрді жаңа заманға лайықтап жеткізгенін айғақтайды. Оның «Менің Қазақстаным» әні бүгінде Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранына айналғаны – соның айқын дәлелі.
Ақын Мұхтар Әуезовтің өзі Шәмші шығармашылығына жоғары баға берген. Атақты жазушы Шәмші әндерін Ақан сері мен Біржан салдан кейінгі тың серпіліс деп бағалап, оны халықтық мәдениеттің жаңа белесі ретінде таныған.
Шәмшінің «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Қайықта», «Ақмаңдайлым», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында» секілді әндері – бүгінгі күнге дейін сахнадан түспей келе жатқан халықтық мұра. Оның әндері ұлттың үніне, жүрек үніне айналды.
2022 жылы композиторға (қайтыс болғаннан кейін) «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл – елінің оған деген шынайы құрметінің белгісі. Сонымен қатар, Шәмші Қалдаяқов – Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының Құрметті азаматы.
Күні кеше Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығында Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне арналған ерекше кеш өтті. Жұмыстан кейін біз мәрмәр залға асықтық, себебі, мұнда вальстің короліне арналған концерттің шымылдығы түрілді. Сахна төрінде Шәмші әндері шырқалып, көрермендер жанын тербеді. Кеш бойы ән де айтылды, би де биленді. Жан-дүниені баураған саз тыңдаушыларды күнделікті күйбең тіршіліктен алыстатып, рухани тынығуға мүмкіндік берді.
Кештің бір «әттеген-айы» – көрермендердің аздығы. Дегенмен, келген қауымның алған әсері ерекше болды. Мұндай шаралар – ұлт руханиятын жаңғыртып, жастарға өнеге болатын игі бастама. Осындай кештер арқылы біз Шәмші Қалдаяқовтай ұлы тұлғалардың мұрасын дәріптеп, келер ұрпаққа жеткізуге үлес қоса аламыз.
Кеш соңында белсене қатысып, әнге қосылып, ерекше ықылас танытқан көрермендерге сыйлық ретінде сертификаттар табысталды.
Кейде күнделікті тіршіліктің тынысынан бір сәт үзіліп, осындай әдемі кештерден шабыт алып қайтудың өзі – үлкен серпіліс екенін сезінесің…