Адамзат игілігіне негізделген шариғатымыз өзіне де, өзгеге де жақсылық жасауға шақырып, екі дүниеде де бақытты болуға жол сілтейді. Сондай сарқылмас сауаптың бірі – уақып жасау. Өзінің иелігіндегі мүлікті халықтың қажетіне пайдалануға өткізіп, Алла разылығы үшін атап беруді уақып деп атайды. «Әли-Имран» сүресінің 92-аятында: «Жақсы көрген нәрселеріңді (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар» делінген. Ардақты пайғамбарымыз: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер қаласаң, ол жерді уақып ет те, одан түскен пайданы садақа етіп отыр» деп, уақыптың маңыздылығын білдіреді. Ислам тарихында уақыптың ең алғашқы амалы осындай дәрежеде орындалған.
Ал, қордың негізгі мақсаты – ауыл имамдарына жалақы беру, діни ағарту іс-шараларын жетілдіру секілді бағыттарға үздіксіз қаржылай көмек жасау болып табылады. Сонымен қатар, «Уақып» қоры болашақта әлеуметтік әл-ахуалды арттыратын жобаларды да қаржыландыру, діни ағартушылық бағытында жаңаша жобаларды жүргізу қызметтеріне басымдық бермек.
Осы жерде тоқтала кететін бір жайт, уақып пен садақа жария бір-біріне өте қатты ұқсайды. Бұның шариғаттағы үкімі – сүннет. Хадисте айтылғандай, мұсылман баласы дүниеден қайтып, бақилық болғаннан кейін оның барлық амалы тоқтайды. Үш түрлі игі ісінің сауабы тоқтаусыз барып тұрады. Біріншісі, дүниеде ел игілігіне жарайтын мешіт, медресе, құдық, мектеп, бау-бақша, аурухана секілді бір нысан салуы. Екіншісі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын білім, кітап жазып қалдыруы. Үшіншісі, ізгі, салиқалы иманды ұрпағының дұғасы. Бұларды Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «садақа жария» деп атады. Әрине бұдан да басқа түрлері бар. Осының ішінде бірінші аталған ел игілігіне жарайтын ғимарат салу немесе қандай да табыс көзі бар кәсібін табыстау, оны пайдалануға беру уақыпқа толықтай келеді. Тек жария садақада мұсылман мешіт немесе медресені салып берсе, уақыпта «мен уақып қылдым», бұл енді сатылмайды, сыйға тартылмайды, мұраға кірмейді деп ниеттеніп, бір өкілге табыстайды. Пайғамбарымыздың заманында ардақты сахабалар уақыпты Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолына тапсыратын. Қазіргі таңда бұл қызметті мұсылман мемлекеттерінде уақып қорлары атқарып отыр. Уақып амалының негізгі мақсаты – мұсылмандардың жағдайын жақсарту, Ислам дінінің өркендеуіне үлес қосу.
Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының қарқынды жұмыстарының нәтижесінде зекет, сауда-саттық және басқа да құқықтық жағдайларға қатысты мәселелердің қоғамдағы ауқымы артып келеді. Біз мақсат етіп отырған «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры қоғамдағы түйткілді мәселені шешуді көркем түрде атқаруды бастады. Бұл қорға әрбір мұсылман өз мүмкіндігіне қарай демеу көрсетіп, қолда бар нығметтерді сауапты іске жұмсауды дағдыға айналдырса деген ниеттемін.
Бұл қордың ерекшелігі маңызы бар әлеуметтік жобаларды қолдай отырып, қайырымдылық шараларды атқаруымен қатар, әсіресе діни алауыздықтың алдын алуға бағытталған деректі және көркем бейнефильмдер мен роликтерді шығаруға ықпал етеді деген жоспар бар. Уақып қоры — өзінің өміршеңдігімен құнды. Мысалы, сіздің бір алма бағыңыз бар делік, сіз соны уақып еттіңіз делік. Біреулер алма ағашы да қияметке дейін қурап қалады деуі мүмкін. Бірақ мынаны естен шығармау керек, сіз сол алма бағынан түскен пайданың бір бөлігін қайырымдылыққа, қалған бөлігін бау-бақшаны кеңейтуге немесе басқасын салуға жұмсайсыз. Сөйтіп бір уақыпқа жұмсаған қаржыңыз қияметке дейін айналымда болып, сауабы сарқылмай иесіне барып тұрады. Уақыптың зекеттен де айырмашылығы зекет – парыз, ал уақып – парыз емес, сүннет амал. Зекетте нисап мөлшері бар. Ал уақыптың белгілі бір мөлшері жоқ. Зекет жылына бір рет берілсе, уақыптың мерзімі бекітілмеген. Адамның өз еркіндегі нәрсе болғандықтан, адам өзі қалағанынша уақып етеді. Зекетке берілетін ақшаны айналымға сала алмайсыз, бірден 8 топтағы адамға таратып беруіңіз керек болады. Ал, уақыпта қаржыны айналымға салуға болады. Мәселен, уақып еттім деп біреу он қой берсе, оны бірден таратып жібермей, қой санын көбейтіп, он жетіге жеткізіп, оның жетеуін садақаға беруге болады.
Осы орайда Исламның мұсылманның дүние-ақыретінің бәрін қамтыған дін екенін байқаймыз. Зекет арқылы істей алмағанды уақып арқылы істей аласыз. Бірақ бір нәрсені ескеру керек: уақып – бизнес көзі емес. Демек «Уақып» қоры кәсібін дөңгелететін бизнес орталығы емес. Бар мақсаты – осы арқылы Ислам дінінің өркендеп, кең етек алуына ықпал ету. Өскелең ұрпақтың келешегінің имандылықпен қалануына үлес қосу. Мұсылман жұртына қарайласу. Кемел қоғам құруға ұмтылу үшін бірлескен түрде іс қылу.
Сонымен қатар, бір мүлкін уақып етіп жатқан мұсылман «осыдан түскен қаржы тек Құран жаттап жатқан қариларға берілсін» деп айтса, сол шариғаттағы үкім секілді орындалуы міндет болады. Яғни оның қаржысы уақып еткен адам кімдерге берілсін дейді, сол уақып еткен мүлік жарамсыз болғанға дейін үкімі өзгермейді. Яғни аталған қаржы немесе пайдалануға берілген заттан түскен пайда мақсатты түрде жұмсалады.
Өмірзақ қажы Бекқожа,
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша Бас имамы.