Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында цифрландыру саласында қол жеткізілген нәтижелерді күшейту міндетін қойды. Мемлекет басшысы «Қазақстан жасанды интеллект кеңінен қолданылатын және цифрлық технологиялар дамитын елге айналуы тиіс» деп атап өтті. Биылғы жылы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл салада жастарымыздың әлеуеті, менталитеті мен талантының арқасында «қазақстандық серпіліске» нақты мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Ел Президентінің халыққа Жолдауында цифрлық технологияларды дамытуға баса назар аударды. Қоғамның әр саласына қарқынды еніп жатқан цифрландыру үрдісін отандық орта білім жүйесіне кіріктіру бізге жүктелген зор міндет деп білеміз. Білім беру саласының барлық деңгейіне заманауи технологияларды енгізу білім алушылардың қажеттіліктері мен мүдделеріне бағытталуы қажет. Бүгінгі оқушылардың тұрғылықты жері мен әлеуметтік ортасына қарамастан сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасаудың оңтайлы құралының бірі – білім үдерісін цифрландыру.
Цифрлық сауаттылық – цифрлық технологияларды және интернет ресурстарын қауіпсіз және тиімді пайдалану үшін қажет білім мен дағдылардың жиынтығы. Цифрлық технология қоғам өміріне әсерін молынан тигізуде. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау мен білім беру, қала тіршілігі, жалпы адамның күнделікті өмірі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болуда. Олар қазірдің өзінде біз тамсанып айта беретін ақпараттық технологиялардың өзін жолда қалдыра бастады. Расымен де, адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті, апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру кезеңі бастау алып, еліміздегі барлық саладағы жұмыс істейтін халық толығымен ақпараттық технологияларды игеруде.
Жалпы, білім беру жүйесінде отандық та, халықаралық та түрлі платформалар мен құралдар белсенді пайдаланылуда. Мысалы, мектептерде ең танымал жүйелердің бірі Kundelik.kz — бұл оқушыларға, ата-аналарға және мұғалімдерге өзара әрекеттесуге, үлгерімді бақылауға және өзекті хабарламалар алуға мүмкіндік беретін электронды күнделік. Сонымен қатар, BilimLand және Online mektep платформалары интерактивті мазмұнды, соның ішінде бейне сабақтар мен тесттерді ұсынады, бұл оқытуды қол жетімді және қызықты етеді. Жасанды интеллект қазірдің өзінде білім беру процесіне белсенді түрде енгізілуде. Мысалы, AI көмегімен кейбір платформалар жекелендірілген білім беру бағдарламаларын ұсына алады және оларды әр оқушының білім деңгейіне және қажеттіліктеріне бейімдей алады. Бұл оқу процесін жылдамдатуға мүмкіндік береді және оқушыларға материалды жақсы сіңіруге көмектеседі. AR көмегімен оқушылар оқулықтардағы суреттерді «жандандыра» алады және үш өлшемді модельдерді байқай алады, бұл әсіресе, география және тарихты зерттеуде пайдалы. Бұл технологиялар бүгінгі күнде танымал бола бастады, бірақ, олардың әлеуеті айқын. Олар оқу процесін интерактивті, жекелендірілген және көрнекі түрде қанықтырады, бұл әсіресе, цифрлық ортаға үйренген оқушылардың жаңа ұрпақтары үшін маңызды. Олардың дамуымен алдағы жылдары олар Қазақстанның білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады деп күтуге болады, бұл елге білім берудегі жаһандық трендтерге ілесуге көмектеседі.
Аманкүл Абдишева,
№7 ЖББМ директоры.