Толеранттылық – көп этносты қоғамның негізі

Қазіргі жаһандану дәуірінде көп этносты қоғам құбылысы әлемнің көптеген мемлекеттері үшін қалыпты жағдайға айналды. Әртүрлі ұлттар мен мәдениеттердің бір мемлекет аясында тату-тәтті өмір сүруі қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың маңызды көрсеткіші болып табылады. Осындай қоғамның берік іргетасын қалайтын басты құндылықтардың бірі – толеранттылық.

Толеранттылық – бұл өзге ұлттың, өзге мәдениеттің, өзге көзқарастың өмір сүру құқығын мойындау ғана емес, оны құрметтеу, түсіну және қабылдай білу. Көп этносты қоғамда толеранттылық тек адамгершілік қағида ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік келісім мен бейбітшіліктің негізгі шарты болып саналады. Егер қоғам мүшелері бір-біріне түсіністікпен қараса, этносаралық қақтығыстардың алдын алуға мүмкіндік туады.

Қазақстан – көп этносты қоғамның жарқын үлгілерінің бірі. Ел аумағында жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді. Олардың әрқайсысы өз мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін сақтай отырып, ортақ құндылықтар негізінде біртұтас халықты құрайды.

Қаражал қаласында да этносаралық келісімді сақтау мен толеранттылықты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәдени-бұқаралық іс-шаралар, ұлттық мерекелер, тілдерді дамытуға арналған жобалар, спорттық жарыстар – барлығы да әртүрлі этнос өкілдерін ортақ мақсатқа, ортақ құндылықтарға біріктіруге бағытталған. Мұндай шаралар азаматтардың бір-біріне деген құрметін арттырып, ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Әсіресе, жастар арасында толеранттылық мәдениетін қалыптастыру – аса маңызды міндет. Жас ұрпақ өзге мәдениеттерге ашық, диалогқа дайын, бейбітшілік пен келісімді бағалай білетін азамат болып өсуі тиіс. Бұл бағытта білім беру ұйымдары, мәдениет мекемелері мен спорт ұйымдарының рөлі зор. Спорт пен өнер – ұлтқа, тілге бөлмейтін, адамдарды бір мақсатқа жұмылдыратын әмбебап құрал.

Бүгінгі таңда толеранттылық – тек этносаралық қатынастар аясында ғана емес, жалпы қоғамдағы өзара сыйластықтың, құқықтық мәдениеттің, азаматтық жауапкершіліктің көрсеткіші. Әрбір азамат қоғамдағы татулықты сақтауға өз үлесін қосуы қажет. Бірлік бар жерде – береке, келісім бар жерде – даму бар.

Қорытындылай келе, толеранттылық – көп этносты қоғамның тек тірегі ғана емес, оның дамуының басты факторы. Өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген қоғам ғана тұрақты, бейбіт және өркендеген болашаққа қадам баса алады.

 Манара ЖЕТИМЕКОВА,

«Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ басшысы.