Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп көрегендікпен айтылған сөзіне бүгінде жер бетінен мәңгілікке жойылып кеткен біршама ұлттардың тағдыры куә. Кешегі ұлылардың сенімін ақтап, тіл бірлігін жалғастыруда барлық күш-жігер, жауапкершілік алдымен бүгінгі жастарымызға түсетіндігі айдан анық. Ал біз осынау абыройлы парызды қаншалықты атқарып жүрміз? Пайымдап көріңізші. Өзгелерге еліктеп, өзінің ана тілін мансұқ етіп жүрген жастарымыздың қатары аз ба?
Тілі енді шыққан бүлдіршінге басқа тілді мультфильмдерді көрсетіп, орыс балабақшасына беруді дағдыға айналдырған өзіміз болсақ керек. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ қоғамдық көлікте Өтегенді «Атаген» деген жастарды көргенде, ішің удай ашиды. Бүгінде еліміздің бар аймағында тілді дамыту тұрғысында біршама істердің жүзеге асырылып келе жатқандығын да ескерген жөн.
Тіл – қашанда ұлттың ұйытқысы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың егемендігі баянды, тұғыры қашанда биік. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күн санап арта түсуде. Жас ұрпақтың тілі ана тілінде шығып, қазақ тілінде білім алуына, басқа да тілдерді жетік меңгеруіне толық мүмкіндік бар. Өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтеу үшін ең алдымен, тілді білуге деген қажеттілік туындауы керек деп ойлаймын. Екіншіден, әрбір адамға тілді үйренуге деген ниет пен білім қажет. Ананың сүтімен бойға дарыған туған тілді құрметтеу – ең қымбат, ең асыл қасиеттердің бірі. Ал осы қасиеттерді жасөспірімдердің бойына сіңіріп, қазақ тілінің мәртебесіне сызат түсірмеу баршамыздың жұмыла көтерген жүгімізге байланысты.
Жалпы тіл мәселесіне келгенде әрқайсымыз жауапкершілік танытуымыз керек. Өйткені, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін өсіру жолында мұндай жауапкершілік болмаса, қолға алған істеріміздің нақты мақсатқа жетуіне айтарлықтай кедергі келтіреді. «Тіл тұғыры – ұлт тұғыры» екенін естен шығармауымыз керек. Әсіресе, кейінгі жастар қазақ тілін үйренуге, қазақ тілінде сөйлеуге жетік мән берсе деп ойлаймын. Себебі, жастар – елдің келешегі. Ел келешегі тек қана экономикалық жетістіктермен ғана емес, мәдени-рухани қазыналарымызбен де айқындалып тұғырлана түсері хақ. Олай болса, жастарымыз тіл мәселесіне келгенде сергектік танытып, жанашырлықпен қараса, игілікті іс болар еді.
Мөлдір ЖАНАБАЕВА,
№7 ЖББМ қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі.