Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деген екен. Иә, кітапхана – парасаттылықтың киелі ордасы. Ол – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ал, сол киелі орданың тіршілігіне жан беріп, бұқараның санасына құндылықтарды сіңіруге себепкер болатын кітапханашылардың еңбегі қашанда мәртебелі.
Биыл кітап пен оқырман байланысына дәнекер болып жүрген кітапханашылар өздерінің төл мерекелерін ресми түрде тұңғыш рет атап өтеді. Үкімет 24 қазанды Кітапханашылар күні деп бекітті. «Бұл мереке кітапханашы мамандығының беделін көтереді» дейді сала мамандары.
Мерейлі мереке қарсаңында біз Қаражал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Тілеухор Байшөкеноваға хабарласып, қазыналы өңірдегі рухани орданың қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған едік.
– Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ. Әлемдік өркениетте оның алатын орнын ешкім де жоққа шығара алмайды. Көне жазбалар мен сирек кітаптар секілді кітапхананың да тарихы өте ескі дәуірлерден бастау алады. Қазіргі электрондық ақпарат белең алып тұрған заманда да осы рухани орда өзінің құндылығын жоғалтқан жоқ. Қайта, қазіргі дамыған замандағы жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпірге айнала түсті. Бүгінгі буын өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, əдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табарына көздерін жеткізді. Осы тұрғыдан келгенде қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кітапқұмар, көзі ашық, көкірегі ояу талай оқырманның сүйікті мекеніне айналды.
Адам баласының табиғаты рухани қажеттілігін қанағаттандырып, жан-дүниесіне ләззат сыйлайтын кітап әлеміне асығып тұратыны белгілі. Оқырманның осынау талабын қанағаттандыру мақсатында кітапхана қоры жыл сайын «Фолиант», «Жазушы», «Дәуір» баспаларынан шыққан жаңа кітаптармен толығып отырады.
Бұл – оқырман қауым үшін үлкен сый, рухани байлық. Орайы келгенде айта кетейін, біздің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қазіргі уақытта 5 кітапханадан тұрады. Атап айтқанда, №3, №4, №12 филиалдар, балалар кітапханасы және С.Сейфуллин атыңдағы қалалық кітапхана. Бұлардағы оқырман саны – 4 100 адам. Кітап берілімі – 81 000 дана. Кітап қоры – 158 283 дана, оның ішінде, 62 695 дана кітап – мемлекеттік тілде.
Әлеуметтік желілер – қазіргі таңдағы ең көп қолданысқа ие интернет-ресурстарының бірі. Кітапханамыз бұл тұрғыда белсенді деп айтуға құқым бар. Елімізде орын алған панденемияға байланысты инстаграм желісінде қарқынды жұмыс атқарылып, онлайн-режимде басқа облыстар тұрғындарымен қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде әлеуметтік желілерде жазылушылар саны арта түсті. Парақшамыз 2016 жылы ашылған. Әр кітапхананың өз парақшасы бар. Кітапхана сайтында жұмыс ауқымы туралы ақпарат жарияланады. Сондай-ақ, оқырмандарға ұстау мерзімін кітаптарды ұзарту, виртуалды анықтама сияқты онлайн қызметтер ұсынылады.
Кітапханалар жүйесі бойынша 3 клуб және 2 үйірме жұмыс істейді. 2007 жылдан бері Жәйрем кенті №12 кітапхана филиалында «Жалын» поэтикалық клубы жұмыс істеп келеді, жетекшісі – кітапханашы А.Каурина. Биыл қалалық кітапханада оқырманымыз Алия Аязбаева мен кітапханашы Мөлдір Оразалинаның бастамасымен «Karajal Book Klub» кітапқұмарлар клубы ашылды.
Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін кітапхана мен кітапханашы туралы әңгімені бір ауыз сөзбен түйіндеу мүмкін емес. Кітапханашы оқырманға кітап беріп қана қоймай, көптеген маңызды жұмыстарды атқарады. Ол – күнделікті ақпарат ағынын оқырманға жеткізуші, кітапхана қорын сақтаушы, насихаттаушы, түрлі іс-шаралар мен әдеби кештерді ұйымдастырушы.
Рухани білім мен мәдениеттің ордасы – кітапхана өзінің мәні мен маңызын ешқашан жоғалтпасы анық. Ал, кітапханашы осынау киелі орданың мәртебелі иесі болып қала береді.
Жазып алған Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.