Тіл жанашырларына көрсетілген құрмет

Тіл – ұлттың жаны, рухани болмысы. Халықтың жүрегі, елдің өзегі. Мемлекеттік тілге деген құрмет – ел болашағына, ұрпақ келешегіне деген жауапкершіліктің көрінісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазақтың тілі – қазақтың жаны» деген сөзі осы ұлы мұрат жолындағы әрбір іс-шараның маңызын айқындай түседі.

5 қыркүйек күні Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығының мәрмәр залында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған ерекше мазмұнды әрі мағыналы шара – қала әкімінің «Тіл мерейі-2025» сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Бұл шара – туған тілдің қадір-қасиетін ұлықтап, оны қоғамдық өмірдің бар саласында ардақтап жүрген тіл жанашырларына көрсетілген құрметтің биік белгісі болды.

«Тіл мерейі» сыйлығы – тіл саласында өлшеусіз еңбек етіп, мемлекеттік тілдің мерейін асырған азаматтарға көрсетілер ерекше марапат. Биыл байқауға қатысуға ниет білдіргендердің саны артып, 11 өтініш қабылданған. Арнайы сараптау тобы үздік деп танылған 5 үміткерді анықтады. Жеңімпаздар қала әкімінің қолынан арнайы диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

«Тіл тірегі» номинациясы мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтіп, жас ұрпаққа ана тілінің шынайы рухын сіңіріп жүрген ұстаздарға арналды. Бұл аталымның жеңімпазы – № 3 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сая Мунжасарова болды. Ол – тек білікті педагог қана емес, сонымен қатар, тілді сүюдің, оны шәкірт жүрегіне сіңірудің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген ұстаз.

Келесі номинация «Тіл жаршысы» деп аталып, бұл марапат Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Жайнагүл Ұзақоваға табысталды. Ол көпшілікке арналған түрлі тілдік іс-шаралар ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған мақалаларымен танылған.

Келесі номинация «Тіл насихатшысы» – өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасын, құрметін және табандылығын көрсететін ерекше аталым. Биыл бұл марапат «Өркен Атасу» ЖШС-нің маркшейдері Иван Ивановқа бұйырды. Ол ана тілімізге деген шынайы ықыласы мен меңгерудегі табандылығымен көпшілікке үлгі бола білді.

Мемлекеттік тілдің бизнестегі қолданысын арттыру бағытында да игі істер атқарылуда. Осы орайда «Мемлекеттік тіл – бизнесте» номинациясы жеке кәсіпкерлік қызметінде мемлекеттік тілді кеңінен қолданатын азаматтарға арналған. Бұл марапат жеке кәсіпкер Динара Байтасоваға табысталды. Ол кәсіпкерлік қызметінде көрнекі ақпараттар мен құжаттарды толықтай мемлекеттік тілде рәсімдеп, тіл мәдениетіне өз үлесін қосып келеді.

Сонымен қатар, жас мамандардың тілге деген қызығушылығы да назардан тыс қалмады. «Жас полиглот» номинациясы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген жастарға арналды. Биыл бұл марапат «Каражал Оперейтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Рауан Әбікенге берілді. Ол үш тілді еркін меңгеріп, тіл үйренуге деген жоғары ынтасы арқылы жаңа буынның білімге құштарлығын паш етуде.

Осындай іс-шаралар арқылы ана тіліміздің мәртебесін арттырып, оны ұлықтауға атсалысқан азаматтардың еңбегі лайықты бағаланып келеді. Бұл – мемлекеттік тілдің болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген құрмет қана емес, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық тағылым.

Осылайша, тіл мерекесі тек салтанатты жиын ғана емес, рухани бірлік пен ұлттық болмыстың символына айналды. Қаражал қаласында тілге деген шынайы құрметтің осындай жарқын үлгісі – «Тіл мерейі» сыйлығы арқылы қалыптасып келеді. Бұл шара – ана тілін жүрегімен сүйетін жандардың еңбегін бағалаудың, жас ұрпақты тілге деген құрметке баулудың бірегей жолы.