Қазақ әліпбиін латын нұсқасына көшіру мәселесі күн тәртібіне шығуы бүгін ғана емес. Бұл мәселе Тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы жылдары-ақ көтерілді. Түркі жұртының басым бөлігі, бүтін Батыс осы жазу үлгісін тұтынады. Әрине, әрқайсысы өзінің тілдік иммунитетіне, дүниетанымына, ерекшеліктеріне лайықтаған. Күллі әлем байланыс құралы ретінде ағылшын тілін игеріп, соның таңбасын қабылдап жатқан уақытта, іргелі қазақ жұртының дүние көшіне ілесуге ұмтылысы әбден құптарлық нәрсе.
Соңғы сексен жыл ішіндегі тарихи, мәдени, әдеби мұраларымыздың бәрі осы қаріппен таңбаланды, мұрағаттарға сақталды, күнделікті қолданыста да жүр. Бірақ бұл қаріп қазақ жұртын тамырына едәуір алшақтатқанын да мойындауымыз керек. Кирилл әліпбиі негізінде біз тілімізде мүлде жоқ дыбыстар мен таңбаларды қабылдауға мәжбүр болдық. Олардың күнделікті өмірімізге кіріккені соншалық, қаріп ауыстыру туралы мәселе көтерілгенде, қандай мәселеге болсын сергек қарайды деген зиялы адамдардың өзі өре түрегелді. Әсіресе, орыс тілді бауырларымызда біржақты көзқарас басым. «Кирилл қарпінен бас тартса, қазақ күн көре алмайды, ұйыққа батқаны – батқан» дегенді осы күні дауылдатып айтып жатыр. Жаңа ғасыр бізге тілімізді реформалауға, дыбыстық жүйемізді жаңғыртуға тамаша мүмкіндік беріп отыр. Қолданысқа енген күннен бастап игілігімізге орай пайдаланайық.
Жансая СӘДУАҚАСОВА,
Жастар ресурстық орталығының психолог маманы.