Тіл – атадан қалған аманат

Тіл – ең ұлы қару. Тіл – ең асыл құндылық. Тіл – ең керемет қатынас құралы. Әлемдегі ең көп таралған тіл – ағылшын тілі. Себебі оның таралу және қолдану аймағы кең. Ал ең сұлу тіл деп француз тілін атайды. Дегенмен осы қатарға өзіміздің қазақ тілін де қосуға болады. Неге?

Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Тек қолданатын халықтың саны аз демесеңіз, бұл тілдің құдіреті ерекше.

Абайға дейін жыраулар, батырлар мен хандар, шешендер осы ана тіліміз арқылы дау шешіп, соғыстың бетін қайтарған.

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» – деп Ғабит Мүсірепов айтпақшы, тілдің ұлт болашағы алдындағы киесі жоғары. Туған тілін қастерлеу, құрмет таныту – әрбір пенде баласының басты борышы. Тіл тәуелсіздігі – ой тәуелсіздігінің, ел тәуелсіздігінің бастау бұлағы.

Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің болашағы. Сондықтан да, өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлеу – әр қазақ баласының бірден-бір міндеті болып табылады. Болашақ жастардың алдында тіліміздің абыройын асқақтатып. биікке көтеру міндеті тұр.

Әрбір қазақ баласының бойында ұлы дана Абай атамыз айтқандай, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек болуы – өмір сүрудің басты заңдылығы болса, осы үш қасиетті өз бойымызға ана тіліміз арқылы сіңіреміз. Осыдан-ақ, ана тіліміздің біздің өміріміздегі алар орны туралы білуге болады.

Тіл – құдіретті күш. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Тіл – ұлттың жан дүниесі. Расында да, қазақ халқының басында талай қилы тағдырдың болғаны тарихтан белгілі. Сондай қиын-қыстау күндерде де ұмыт болмай, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ананың ақ сүтімен бойына дарыған ана тілі ғана. Сонау қиын күндерден асыл мұра болып ұрпақтан – ұрпаққа жетіп келе жатқан біздің – ана тіліміз. Ана тілінің қасиеті мен құдіретін де осыдан аңғаруға болады.

Ел ертеңі – жас ұрпақ. Ал, жас ұрпақтың міндеті – ана тілімізді шұбарламай, таза күйінде болашақ ұрпаққа жеткізу. Ана тіліміздің асыл қасиетін кие тұтып, қазақ халқының тілін, ділін жаһанға жария ету – ұрпақ міндеті.

Ана тіліміздің дәрежесін жоғары көтеру мақсатында түрлі іс шаралар да ұйымдастырылуда. Алайда, тілдің дәрежесін көтеру – әр адамның санасымен сезіне білуі тиіс парызы болғандықтан, әрбір қазақстандық азамат ана тіліміздің дәрежесін көтеру үшін атсалысуы керек. Сонда ғана, айбатты ана тіліміз бүкіл дүниежүзіне танымал болып, тіліміздің дәрежесі биіктей түсері анық.

Тіл тағдыры – әрбір қазақ баласын алаңдатар мәселе. Қазіргі таңда тіліміздің дәрежесі қандай деген сұрақ жүрегі қазақ деп соғатын қазақ баласы үшін бей-жай қарайтын мәселе емес. Сондықтан, болашақ ұрпақты тілімізге жаны ашитын жанашыр патриот азамат етіп тәрбиелеу де – біз мұғалімдер қауымының алдындағы үлкен міндет болып отыр.

Адам адам болғалы армансыз өмір сүруі мүмкін емес. Кеудесінде жаны барда , үздіксіз соғып тұратын жұдырықтай ғана жүректі алып ұшар сезімге бөлейтін, жұмыр басты пендені үнемі алға жетелейтін – ол әрбір адамның ой түкпіріндегі, жүрегінің тағындағы – асыл арманы болады.

Енді, алдағы уақытта болашақ ұрпақтың да міндеті – осы тіліміз бен ділімізді келер ұрпаққа аман жеткізу. Өз тіліңізді сүйе отырып, өзге тілге құрмет білдіріңіз. Тілсіз тірліктің тасы өрге домалайды десеңіз, қателесесіз.

«Тілден асқан байлық жоқ» тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды ұмыту» деген екен Бауыржан Момышұлы. Сондықтан да ананың ақ сүтімен бойымызға тараған ана тілімізді ақсатпай, мәртебесін көтере білейік!

Әсел ЖАКАШЕВА,

№ 6 ЖББМ қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.