Тергеу аяқталғанға дейін шахтада жұмыс тоқтатылды

Өткен апта Ұлытау облысының жұртшылығы үшін қайғылы оқиғамен аяқталды. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішінде төтенше жағдай орын алып, жеті бірдей кенші жер астында қаза тапты. Осы қайғылы оқиғаға орай Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша төтенше жағдай орнында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басшылығымен арнайы үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.

Комиссия құрамында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Рашид Дубаев бар.
Оқиға орнында ТЖ қызметі, ІІМ және Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің шұғыл тергеу тобы, сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қызметкерлері жұмыс істеуде. Олар оқиға орнында болып, тергеу барысымен танысты. Қаза тапқандардың отбасыларына бірінші кезекте көмек көрсету жөнінде тапсырма берілді.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығымен кеңес өткізді. «Қазақмыс» қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті қаржылық көмек көрсетіп, сондай-ақ, олардың несие қарыздарын өтейді.
-Қаза тапқандардың ғана емес, олардың отбасы мүшелерінің де қарыздары мен несиелерін өтеу қалыпты жағдай. Сіздер отбасылардың жағдайын мұқият саралап, балаларды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды оқытуға кететін шығындарды жабуларыңыз керек, – деді Қанат Бозымбаев.
Ал, республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік жәрдемақы, сақтандыру төлемдері қарастырылған және жерлеу шығындары өтеледі. Вице-премьер төлемдерді кешіктірмеуді тапсырды. Тиісті тергеулерден кейін шахтада «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-де келісімшарттық міндеттемелер қайта қаралатын болады.
–Тергеу оның қауіпті немесе қауіпсіздігін көрсетпейінше, шахтадағы жұмысты қайта бастау туралы ойламаңыз. Жүйе мен тәсілдерді түбегейлі өзгерту қажет, біз мемлекет тарапынан оларды қатайтатын боламыз. Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті құрылды, біз заңнаманы өзгертеміз. Қазір Парламентте тиісті заң жобасы қаралуда, осы заң жобасы шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігіне қосымша өкілеттіктер берілетін болады. Мұндай жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін біз бар күшімізді саламыз. Мемлекет басшысы тергеуді мұқият жүргізуді тапсырды. Бұл құқық қорғау органдарының сараптамалары, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің тергеуі, сондай-ақ, сіздің еңбек инспекторларыңыздың тексерулері. Сіздің міндетіңіз – осы төтенше жағдайға кімнің жол бергенін анықтау, — деді Қанат Бозымбаев компания басшылығына.
Орайы келгенде айта кетейік, Ұлытау облысындағы кен орнында болған төтенше жағдайға байланысты «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.