Теміржолшылар әулеті

Келесі аптада теміржол қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді.
Тіршіліктің тамырына айналған теміржол – ел экономикасының күре тамыры ғана емес, мыңдаған отбасының өмірі мен тағдырын өрнектеген сала. Қаншама тағдыр осы жол бойында тоғысты, қаншама еңбек осы салада бағаланды.

Ал, осындай саланың жүрегіне айналған, темірдей тәртіппен, адалдықпен қызмет етіп келе жатқан жандардың бірі – Ақтай станциясының кезекшісі Асылтай Байпелов.

Асылтай Сағынтайұлы 1981 жылы Қаражал қаласына жақын орналасқан Байғұл ауылында дүниеге келген.
Бала кезінен еңбекке ерте араласқан ол, ауылдағы 9 жылдық мектепті бітірген соң, Қаражал қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде үш жыл кәсіби білім алады. Теміржолға деген қызығушылық оның бойына жастайынан дарыған. Бұл таңдау – жай ғана кәсіп емес, тұтас бір әулеттің жолы болатын.

2004 жылы Қаражал станциясында теміржолшы болып еңбек жолын бастаған Асылтай Сағынтайұлы алғашқыда теміржол бойындағы айырма бекетінде кезекшісі болып жұмыс істеді. Кейінірек состав құрастырушы қызметін атқарып, саланың қыр-сырын терең меңгерді. 2010 жылдан бері Ақтай станциясында станция кезекшісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Теміржол саласындағы 21 жылдық тәжірибесі оны бұл істің нағыз маманы, іскер ұйымдастырушысы ретінде танытты.

Асылтай – тек өз кәсібінің шебері ғана емес, сонымен қатар, ұлағатты әке.
Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы әке отбасында да, ұжымда да сыйлы жан. Жұбайы Мақпал – білім беру саласында, мектепте дефектолог маман. Бұл да – бір отбасының қоғамға қосқан қос үлесі деуге болады.

Байпеловтар әулеті – нағыз теміржолшылар династиясы.
Асылтайдың атасы Ахмедия (Майбас) Байпелов соғыс жылдарынан бастап Жезқазған өңірінде теміржолшы болып еңбек еткен. Кейін Атасу станциясына ауысып, осы салада зейнетке шыққан.

Оның ұлы Сержан Майбасұлы да Целиноград қаласында жоғары білім алып, саналы ғұмырын теміржол саласына арнады. Әуелде Атасуда, Жарық станциясында, кейін Қарағанды қаласында басшылық қызметте болып, зейнетке шыққан. Оның ұлы Жұмабай да көп жылдар осы салада еңбек еткен.

Ал, Майбас атамыздың қызы Тоғжан апайымыз 40 жыл бойы теміржол саласында тынымсыз еңбек етіп, елдің алғысына бөленген жан.

Өзіне тетелес ағасы – Ерген Сағынтайұлы теміржол саласының майталманы. Қарағанды политехникалық университетін тәмамдаған білікті маман. Оның ұлы Еркебұлан да әке жолын қуып, сол университетте оқып, қазіргі таңда Қарағанды қаласында таңдаған мамандығы бойынша еңбек етуде.

– Сондықтан да болар, бұл өңірдің адамдары бізді теміржолшылар әулеті деп атайды, – дейді Асылтай Сағынтайұлы. Бұл мақтаныш – қажырлы еңбек пен адалдықтың нәтижесі.

Асылтай Байпелов «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның 20 жылдығына орай Алғыс хатпен, сондай-ақ, «AMANAT» партиясының Құрмет грамотасымен марапатталған. Бұл марапаттар – тек Асылтайдың ғана емес, тұтас теміржолшылар әулетінің абыройы.

Жалпы, теміржол – еліміздің ең маңызды стратегиялық саласының бірі.
Жолаушылар мен жүк тасымалы, өндірістік байланыс, шалғай елді мекендердің қарым-қатынасы – бәрі де осы салаға тәуелді. Бұл салада жұмыс істеу – тәртіпті, жауапкершілікті, жылдам шешім қабылдауды талап етеді. Әсіресе, станция кезекшісі сынды қызметтер – үлкен сенім мен ұқыптылықты қажет ететін лауазым.

Тамыз айының алғашқы жексенбісі – теміржолшылар күні.
Бұл күн – осы салада еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға құрмет көрсету күні. Асылтай Байпелов сынды теміржолшылар – ел дамуының іргетасын қалаушылар. Олар күндіз-түні, аптап пен аязда, мереке мен демалысқа қарамай қызмет атқарады. Бұл – нағыз ерлікпен тең еңбек.

Төл мереке қарсаңында барлық теміржол қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің еңбектеріңіз – ел дамуының күре жолы!