Жәйрем – кенді өлке ғана емес, еңбек адамын қадірлейтін қасиетті мекен. Биыл елімізде жұмысшы мамандықтарын қолдау жылы жарияланғаны – дәл осындай еңбек адамдарының қадірін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама – өндірістің алғы шебінде жүрген, қол еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға деген құрметтің көрінісі.
Осындай елге сыйлы, еңбегімен еленген азаматтардың бірі – Марат Танашев фрезерлеуші мамандығының хас шебері. Биыл желтоқсан айында 60 жасқа толғалы отырған Марат аға Жәйремнің өндірістік тарихында өзіндік орны бар тұлға. Ол – темірмен тілдесіп, станокпен сырласқан шебер. Қарапайым еңбек адамының қолынан шыққан әр бөлшек – өнер мен шеберліктің жемісі.
1965 жылы Көкшетау облысы, Рузаевский ауданы, Возвышенко совхозының Березовка бөлімшесінде дүниеге келген Марат аға 1973 жылы туған ауылындағы мектепке барып, 6 сыныпқа дейін білім алады. 7 сыныптан бастап ата-анасының жұмыс бабымен Жәйремге көшіп келіп, №30 мектепте оқуын жалғастырады. Әкесі Ерназар Зәкірияұлы – трестте еңбек еткен, анасы Сара Қоқанқызы – бала тәрбиесімен айналысқан. Бір шаңырақта алты бала өсіп, бүгінде әрқайсысы өз жолын тапқан.
– Бала күнімнен еңбекке жақын болдым. Әкемнің қарапайымдылығы мен анамның мейірімі бізге өмірлік бағыт берді. Жәйремге келгенімізде бәрі жаңа, бәрі қызық еді. Бірақ, еңбекке деген құрмет осы жерде қалыптасты, – дейді Марат аға өткен күндерді еске алып.
Мектепті тәмамдаған соң Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылық техникумына агроном мамандығына оқуға түсіп, арада екі жыл Приморск өлкесінде әскери борышын өтеп келеді. Әскерден соң оқуын жалғастырып, 1988 жылы диплом алып, туған жерінде аз уақыт еңбек етіп, Жәйремге қайта оралады.
Жәйремде алғаш еңбек жолын «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның электр цехында слесарь болып бастап, кейін автокөліктер шаруашылығында (АТХ) жұмыс істейді. 1995 жылдан бастап жөндеу механикалық базасында фрезерлеуші ретінде еңбек етіп келеді. Отыз жыл бойы бір орында табан аудармай қызмет еткен Марат аға – өз ісінің нағыз шебері.
– Фрезерлеуші болу – жай ғана станокта жұмыс істеу емес. Бұл – дәлдік, шыдамдылық, есеп пен көзбен көріп, қолмен сезу өнері. Әр бөлшек – бір тарих. Қателікке жол жоқ. Осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. О баста жұмыс іздегенімде бос жұмыс орны осы мамандық болды. Өзіме мүлдем тылсым мамандыққа дәл осылай махаббатым ашылады деп ойламаппын. Қазір темір кесу жұмысы мен үшін өте қызықты және өмірлік кәсібіме айналған, – дейді ол.
Фрезерлеуші – металл өңдеудің күрделі процестерін меңгеріп, станоктарда түрлі бөлшектерді жасауға жауапты маман. Бұл кәсіпті Марат аға сол кездегі әріптесі, бүгінгі күні марқұм болған Володя Морозов сынды тәлімгерінен үйреніп, бүгінде өз тәжірибесін жас мамандарға үйретіп келеді.
– Марат аға тек шебер емес, нағыз ұстаз. Ол кісіден үйренгенім көп. Әр бөлшекті қалай өңдеу керек, қандай тәсіл қолдану керек – бәрін түсінікті, сабырмен жеткізеді. Бізге тек жұмыс істеуді емес, еңбекке құрметпен қарауды да үйретті. Марат аға – біздің өндірістегі тірегіміз, – дейді шәкірті Нұржан Үсембаев.
Марат Ерназарұлының аға шебері, өндірістегі серіктесі Меруерт Амзинова да оның еңбегін ерекше бағалайды:
– Марат аға – фрезерлеуші мамандығының алтын қорындағы адам. Ол кісінің қолынан шыққан бөлшектер – сапалы, дәл, әрі сенімді. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Осындай еңбек адамдары – өндірістің жүрегі. Ол кісі сонымен қатар, өте қарапайым. Ешқашан артық мақтағанды жаны қаламайды, – дейді Меруерт ханым.
Марат аға мен Жанат жеңгей екі бала тәрбиелеп өсірген. Қызы Динара мен ұлы Азамат жоғары білім алып, отбасылы болған. Азамат – полиметалл байыту фабрикасында бақылап-өлшеу құралдары мен автоматика маманы. Екі немере, төрт жиен немересі бар ата-әже үшін бүгінде ең басты тілек – балаларының амандығы.
– Бүгінгі күнге шүкір деймін. Балаларым аман, немерелерім өсіп келеді. Еңбектің жемісін көріп отырған адаммын. Арманым – осы ұрпақтың жақсы өмір сүруі, – дейді Марат аға.
Өз ісінің шебері, сонымен қатар, үзеңгілес әріптестері – токарьлер Бекзат Секенбаев, Шайхислам Мусаев, Әміртай Көпжановты да мақтанышпен әңгімесіне тиек етті.
– Өз істеріне жауапкершіліктері өте жоғары осындай азаматтармен әріптес болғаныма ризамын. Біздің цех өте ұқыптылықты, мұқият болуды қатаң талап ететін цех. Станокта тұрған не оның айналасында жүрген барлық жанда ең бастысы салмақтылық пен табандылық болуы шарт. Ал, ол мінездердің барлығы біздің ұжымда бар. Бастығымыз Мұрат Құмарбеков біздің әрқайсымыздың қолайлы және қауіпсіз жағдайда еңбек етуімізді басты назарда ұстайды және әрбір жұмыскерін бағалай да, бақылай да біледі, – дейді еңбек адамы.
Жәйремге келгеніне 46 жыл болған Марат Танашев – еңбекпен есімі шыққан азамат, оның өмір жолы – жас буынға үлгі, ал фрезерлеуші мамандығы – өнер мен шеберліктің тоғысқан тұсы. Марат ағаның қолынан шыққан темір бөлшектер – тек өндірістік құрал емес, оның өмірлік тәжірибесі мен жан жылуы сіңген туындылар.
Шебердің қолы ғана емес, жүрегі де еңбекке арналған. Биыл елімізде жұмысшы мамандықтарын қолдау жылы жарияланғаны – дәл осындай еңбек адамдарының қадірін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Марат аға сынды шеберлер – бұл бастаманың шынайы кейіпкерлері, олардың өмір жолы – жастарға үлгі, ұрпаққа өнеге.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА