Денсаулық – ұлт байлығы. Осы қағиданы басшылыққа алған мемлекет азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсына отырып, халықтың өмір сапасын арттыруды көздейді. Алайда, көп жағдайда тұрғындар бұл жүйенің аясында қандай қызметтер тегін көрсетілетінін, қай кезде және қай мекемеге жүгіну керектігін толық біле бермейді. Осыған орай Қаражал қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Дина Оразбековамен тегін медициналық көмектің қолжетімділігі, шектеулері мен сапасы туралы әңгімелескен едік.
– Дина Нағашыбайқызы, Қаражал қаласында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Қаражал қаласында тұрғындарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі толық көрсетіледі.
Бұл жүйе – азаматтардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған маңызды мемлекеттік тетік.
Қалалық аурухана мен емхана осы бағытта жоспарлы түрде жұмыс істеп келеді.
– ТМКК аясында нақты қандай медициналық қызметтер қарастырылған?
– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне жедел медициналық жәрдем, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, шұғыл стационарлық ем, әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтау және емдеу, профилактикалық екпелер, негізгі диагностикалық тексерулер кіреді.
Бұл қызметтердің барлығы аурудың алдын алуға және дер кезінде ем көрсетуге бағытталған.
– Қандай жағдайларда тұрғындар тегін медициналық көмекке жүгінуі тиіс?
– Ең алдымен, жарақат алу, кенеттен денсаулықтың нашарлауы, жұқпалы және әлеуметтік мәні бар аурулар кезінде, сондай-ақ, жүктілік пен босану барысында тегін медициналық көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар, балалар мен егде жастағы азаматтарға қажетті медициналық қызметтер де ТМКК аясында беріледі.
Мұндай жағдайларда азаматтар уақыт оздырмай медициналық мекемеге жүгінуі керек.
– Тегін медициналық көмек алу үшін қандай құжаттар талап етіледі?
– Көп жағдайда жеке куәлік немесе балалар үшін туу туралы куәлік жеткілікті.
Ал шұғыл жағдайда ешқандай құжат талап етілмейді.
Себебі, адам өмірі мен денсаулығы – бәрінен қымбат.
Бұл қағида медицина саласында қатаң сақталады.
– Мемлекет бұл жүйені қалай қаржыландырып отыр?
– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
Медициналық ұйымдар мемлекетпен келісімшарт негізінде жұмыс істейді.
Бұл қаржыландыру медициналық қызметтердің үздіксіз көрсетілуіне және материалдық-техникалық базаның жаңартылуына мүмкіндік береді.
– ТМКК аясында қандай шектеулер бар екенін де нақтылап өтсеңіз?
– Әрине, тұрғындар бұл жағын да дұрыс түсінуі керек.
Жоспарлы түрде жасалатын кейбір қымбат диагностикалық зерттеулер, эстетикалық медицина қызметтері ТМКК тізіміне кірмейді.
Олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы немесе ақылы негізде көрсетіледі.
Сондықтан, әрбір азамат өзіне қандай қызмет тегін, қайсысы сақтандыру аясында екенін білгені жөн.
– Қаражал тұрғындары тегін медициналық көмек алу үшін қай мекемелерге жүгіне алады?
– Қала тұрғындары Қаражал қалалық емханасына, қалалық ауруханаға немесе жедел медициналық жәрдем қызметіне жүгіне алады.
Барлық мекемелер ТМКК талаптарына сай жұмыс істейді және халыққа қызмет көрсетуге дайын.
– Көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы қалай бақыланады?
– Медициналық қызмет сапасын Денсаулық сақтау министрлігі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, сондай-ақ, медициналық ұйымдардың ішкі бақылау қызметтері тұрақты түрде қадағалап отырады.
Сонымен қатар, әрбір пациенттің өз құқығын қорғауға, ұсыныс немесе шағым білдіруге мүмкіндігі бар.
Бұл да сапаны арттыруға ықпал етеді.
Сұхбат соңында айтарымыз – Қаражал қаласында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі халыққа қолжетімді әрі жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Мемлекет пен медицина қызметкерлерінің ортақ мақсаты – тұрғындардың денсаулығын сақтап, сапалы медициналық көмек көрсету.
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
