Тазалық – тіршіліктің тірегі

Қоршаған орта – барша адамзаттың ортақ үйі. Ал сол үйдің тазалығы — әрбір азаматтың сана-сезімі мен мәдениетінің көрсеткіші. Бүгінде елімізде экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған игі бастамалар қатарында «Таза Қазақстан» акциясы ерекше орын алады.

Бұл – ел көлемінде ұйымдастырылатын тазалық жұмыстары ғана емес, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған кең ауқымды қозғалыс. Акция барысында еліміздің түкпір-түкпірінде сенбіліктер ұйымдастырылып, стихиялық қоқыс орындары жойылып, көгалдандыру, абаттандыру ісі жолға қойылды. Тек табиғатты таза ұстау емес, тұрғындардың экологияға деген көзқарасын түбегейлі өзгерту – бастаманың басты мақсаты.

«Таза Қазақстан» – әрбір тұрғынға айналасына бейжай қарамау керектігін еске салатын нақты әрекетке шақыру. Бұл бір күндік шара емес, үздіксіз жалғасатын ұлттық санаға айналуы тиіс қозғалыс. Себебі табиғат – біздің емес, болашақтың аманаты.

Акцияға қатысушылар қатары жыл санап артып келеді. Олардың арасында жастар, мемлекеттік қызметкерлер, білім беру мекемелерінің өкілдері мен еріктілер бар. Бұл – қоғамның белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігінің артуын білдіреді.

Тазалық – тәртіптен, тәртіп – талаптан басталады. «Таза Қазақстан» – әр азаматты туған жерінің табиғатына жанашырлықпен қарауға үндейтін маңызды бастама. Оған үн қосу – әрқайсымыздың парызымыз.

Құрмансейітов Жалғасқан Ахатұлы

«Қазыналы өңір» өңірлік газеті ЖШС директоры