Тазалық – бұл тек санитарлық талап емес, ол – қоғам мәдениетінің, ұрпаққа деген көзқарастың, болашаққа бағытталған сана деңгейінің көрсеткіші. Соңғы жылдары елімізде қоршаған ортаға деген жауапкершілік артып келеді. Соның айғағы – «Таза Қазақстан» бастамасы. Бұл тек сенбілікпен, қоқыс жинаумен шектелмейтін, ауқымды және ұзақмерзімді экологиялық қозғалыс.
Бастаманың түпкі мақсаты – азаматтардың табиғатқа деген қарым-қатынасын өзгертіп, қоршаған ортаға жанашырлықты күнделікті өмір салтына айналдыру. Әрбір адам «тазалық – ортақ жауапкершілік» екенін жүрегімен сезінуі тиіс. Бүгінгі таңда тұрмыстық қалдықтар көлемі көбейіп, кейбір өңірлерде экологиялық ахуал алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр. Бұл – тек жергілікті билік пен арнайы қызметтердің емес, бүкіл қоғамның, әрбір тұрғынның қатысуын талап ететін ортақ іс.
Тазалық жоғарыдан емес, төменнен – ауладан, көшеден, балабақшадан, мектептен, мекемеден басталуы керек. Ұсақ-түйек болып көрінетін күнделікті әрекеттерден үлкен мәдениет қалыптасады. Қоқыс тастамау, суды үнемдеу, жасыл желекті қорғау, табиғи ресурстарға ұқыптылықпен қарау – бұлардың барлығы экологиялық жауапкершіліктің бөлшектері. Мұндай сананы қалыптастыру отбасынан басталып, білім беру мекемелерінде жалғасып, қоғамдық кеңістікте орнығуы тиіс.
«Таза Қазақстан» бастамасы осы мақсатта түрлі іс-шаралар арқылы жүзеге асуда. Әкімдіктер мен ұйымдардың ұйымдастыруымен сенбіліктер, экоакциялар, ағаш отырғызу науқандары, экологиялық сағаттар мен ашық сабақтар, балаларға арналған экотәрбиелік бағдарламалар өтуде. Бұл – бір күндік акция емес, болашаққа бағытталған мәдени өзгеріс.
Дегенмен, шынайы әрі ұзақ мерзімді нәтиже тек жалпыға ортақ сана мен ішкі ұстаным қалыптасқанда ғана мүмкін болмақ. Заңнан бұрын ар мен ұят, бақылаудан бұрын жауапкершілік пен ниет басым болуы керек. Себебі, бүгінгі тазалық – ертеңгі қауіпсіздік, денсаулық және өмір сапасы. Қазақ халқы «Бір тал кессең, он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаған. Бұл – табиғатпен үйлесімді, қадірлі өмір салтының көрінісі.
Ендеше, бізге табиғатты қорғау ғана емес, онымен үйлесімді, жауапты байланыс орнату қажет. Бұл байланыс құр ұранмен емес, нақты әрекетпен жүзеге асады. Себебі, шынайы таза қоғам – қағаз жүзіндегі ережелерден емес, әр адамның ішкі мәдениетінен басталады.
Жаннұр ЖАКЕНОВА,
«Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ бас маманы.