Қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, қоршаған ортаның жай-күйімен де бағаланады. Табиғат пен адамның байланысы үзілген жерде тұрақты даму туралы сөз болуы мүмкін емес. Осы тұрғыда “Таза Қазақстан” акциясы – қоғамның экологиялық санасын оятатын маңызды бастама.
Бүгінде экологиялық тепе-теңдік сақталмаса, оның соңы климаттың өзгеруінен бастап, халықтың денсаулығына дейін әсер ететіні белгілі. Күнделікті өмірде назар аударылмайтын қоқыс, ластанған су, көше бойындағы бей-берекет қалдық – бұлар тек санитарлық мәселе емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі маңызды түйткіл.
“Таза Қазақстан” – бір реттік сенбілік шарасы емес, бұл – сананы өзгертуге бағытталған ұлттық қозғалыс. Тазалықты сырттан талап етпей, әр азамат өзінен бастағанда ғана бұл бастама шынайы нәтижеге жетеді.
Мекеме, көше, үй маңы, табиғи аймақ – қай жер болса да, тазалыққа деген ұқыптылық елдің мәдени деңгейін көрсетеді. Бұл – ұлттың ішкі тәртібінің көрінісі.
Сондықтан “Таза Қазақстан” – қоршаған ортаны ғана емес, қоғамның өз ішкі мәдениетін жаңғыртатын маңызды қадам.
Такибаев Арынғазы Шакирович
Қаражал қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы