Таза қоршаған орта – халық денсаулығының кепілі

Адам өмірінің сапасы ең алдымен қоршаған ортаның тазалығына байланысты. Табиғаттың ластануы, ауаның құрамындағы зиянды заттардың көбеюі, тұрмыстық қалдықтардың дұрыс жиналмауы тек экологиялық ахуалды қиындатпайды, сонымен бірге халықтың денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау – медициналық мәселе ғана емес, елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігінің маңызды бөлігі.

«Таза Қазақстан» бастамасы осы тұрғыда қоғамды ортақ іске жұмылдыратын тиімді құралға айналып отыр. Елді мекендерді тұрмыстық қалдықтан тазарту, жасыл аймақтарды көбейту, су көздерін қорғау – халықтың өмір сапасын жақсартудың нақты қадамдары. Әрбір азамат табиғатты аялауды күнделікті әдетке айналдырғанда ғана еліміздегі экологиялық мәдениет жаңа деңгейге көтеріледі.

Денсаулық пен қоршаған ортаның байланысы айқын: таза ауа – тыныс алу жүйесін сақтайды, сапалы су – ағзаның қуатын арттырады, жасыл аймақтар – психологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Яғни, табиғатқа қамқорлық жасау – өз болашағымызға қамқорлық жасаумен тең.

Экологиялық мәдениет – тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақтың амандығының кепілі. Таза ортасы бар елде дені сау ұрпақ өсіп, қоғам да, мемлекет те өркендейді.

 

Жуманбаева Мереке Рахимбаевна

Қаражал қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы