Қазақ халқы ежелден табиғатты аялауды өмір сүру қағидатына айналдырған. Су көзін ластамау, жерді тоздырмау, ағашты себепсіз кеспеу – ата-бабамыздың жазылмаған экологиялық заңдары болатын. «Таза Қазақстан» акциясы осы көне дәстүрдің қазіргі заманғы жалғасы іспеттес.
Бұл бастама – тек санитарлық шара ғана емес, ата-бабадан келе жатқан табиғатты аялау мәдениетін қайта жаңғыртуға бағытталған қадам. Халық арасында «тазалық – иманның жартысы» деген ұғым бар. Демек, қоршаған ортаны таза ұстау – рухани құндылықтармен астасып жатқан мәселе.
Бүгінде урбанизация мен индустрияландыру табиғатқа айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Дәл осы жағдайда «Таза Қазақстан» акциясы ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, экологиялық мәдениетті жаңа мазмұнмен толықтырудың құралы болып отыр. Бұл – өткеннің өнегесі мен қазіргі қоғамның қажеттілігін тоғыстыратын игі бастама.
Табиғатқа қамқор болу – ұрпақ сабақтастығының кепілі. «Таза Қазақстан» арқылы жастарға жауапкершілік пен ізгіліктің, үлкендерге құрмет пен ортақ іске жұмылудың өнегесі көрсетіледі.
Осылайша, акция – экологияны қорғау ғана емес, ұлттың рухани кодын сақтаудың да бір тетігі.
Ким Артем Сергеевич
Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты
Дзюдо күресінен спорт шебері