«Таза Қазақстан» – маңызды экологиялық бастама

«Таза Қазақстан» – бұл елімізде қолға алынған маңызды экологиялық бастамалардың бірі. Бұл акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны тазарту ғана емес, сонымен қатар халықтың экологиялық санасын арттыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндеу. Қазіргі таңда елімізде тұрмыстық қалдықтар мен заңсыз қоқыс тастайтын орындар көбейіп, экологияға елеулі зиян келтіріп отыр. Осы мәселені шешу үшін барлық азаматтардың бірлесіп әрекет етуі аса маңызды.

 

Биылғы жылдан бастау алған «Таза Қазақстан» акциясына еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам қатысып келеді. Еріктілер, оқушылар, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер және қарапайым тұрғындар өз аумақтарын тазалап, қоршаған ортаны жақсартуға атсалысады. Ағаш отырғызу, өзен-көлдердің жағалауын тазарту, қоқысты сұрыптап жинау сияқты жұмыстар кеңінен жүргізіледі. Бұл әрекеттер адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертеді, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға сеп болады.

 

Қазақстанның табиғаты – бізге берілген баға жетпес байлық. Оны қорғау әр азаматтың борышы. Табиғатты ластау – болашақ ұрпақтың өміріне балта шабумен тең. Сондықтан «Таза Қазақстан» сияқты акциялар тек бір күндік шара емес, тұрақты өмір салтына айналуы тиіс. Әр адам өзінің айналасын таза ұстап, экологияны жақсартуға өз үлесін қосса, еліміз таза әрі жайлы мекенге айналары сөзсіз. Табиғатты аялау – болашаққа жасалған ең үлкен инвестиция.

Жалғасқан Құрмансейітов,

«Қазыналы өңір» газеті редакциясы»ЖШС директоры