Tаза Қазақстан – ұлттық даму стратегиясының маңызды бағыты

Қазақстан Республикасының тұрақты дамуы қоршаған ортаның сапасымен және табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланумен тікелей байланысты. Елдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуі үшін экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету – стратегиялық міндет. Осы тұрғыдан алғанда «Таза Қазақстан» бастамасы мемлекеттің экологиялық саясатының басты бағыттарының бірін айқындап отыр.
Бастаманың негізгі мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, қалалар мен ауылдардағы санитарлық жағдайды реттеу, табиғи ресурстарды сақтау және қалдықтарды басқарудың жаңа жүйесін енгізу. Бұл бағытта орталық және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың және жеке сектордың үйлесімді іс-қимылы қажет. Жауапкершіліктің мұндай үлгісі қоршаған ортаны қорғаудың институционалдық негізін күшейтеді.
«Таза Қазақстан» тек экологиялық шаралар кешені емес, ол – қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұлттық қозғалыс. Табиғатқа ұқыпты қарау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, суды және энергияны үнемдеу сияқты қарапайым қадамдардың өзі ұзақ мерзімді нәтижеге жеткізеді. Осыған байланысты білім беру саласында экологиялық тәрбиені күшейту, жастардың еріктілік бастамаларын қолдау және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.

Жуманбаева Мереке Рахимбаевна

Қаражал қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы