«Таза Қазақстан» — ұлт саулығының бастауы

Бүгінгі таңда қоршаған ортаның тазалығы – тек экологиялық мәселе емес, ұлт денсаулығы мен ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Ауаның, судың және жердің тазалығы – әр адамның өмір сапасына ықпал ететін басты құндылықтардың бірі.

Осы орайда, елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы — үлкен мәнге ие, бүкіл халықты біріктіретін игі бастама. Қоршаған ортаны қорғау – бұл тек мемлекеттің немесе арнайы ұйымдардың ғана емес, әрбір азаматтың міндеті.

Қазақстанның түрлі аймақтарында бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бір жарқын үлгісі — біздің қалада жүргізіліп жатқан сенбіліктер мен «Таза бейсенбі» акциялары. Олар апта сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып, қала аумағын тазалау, жасыл желек отырғызу, қоқыс полигондарын ретке келтіру сияқты жұмыстармен жалғасуда.

Бұл игі шараларға қала тұрғындары, білім беру ұйымдары, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлер белсенді түрде атсалысуда. Әрбір азамат өз ауласын, көшесін, жұмыс орнын таза ұстауға тырысып, айналасына үлгі көрсетуде. Осылайша, тазалыққа деген көзқарас қоғамда мәдениетке айналып келеді.

«Таза Қазақстан» – бұл тек экологиялық бастама ғана емес, ол — ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдыруға бағытталған ұлттық деңгейдегі қадам. Табиғатқа жанашырлық таныту, қоршаған ортаны ластамау, ресурстарды үнемді пайдалану — осының бәрін елдің болашағына жасалған инвестиция деп қарауымыз қажет.

Ауасы таза елде — халқы сау, жері таза елде — тіршілігі берекелі. Сондықтан да, «Таза Қазақстан» идеясы әрбіріміздің жүрегімізде орын алып, күнделікті ісіміздің бір бөлігіне айналуы тиіс. Тазалық — өзіміз үшін, ұрпағымыз үшін қажет. Ендеше, туған жерімізді аялап, қорғай білейік!

Манара ЖЕТИМЕКОВА,
Қаражал қаласы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі ММ басшысы.