Қазіргі кезеңде қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мәселесі жаһандық деңгейде өзектілікке ие болып отыр. Бұл үрдіс Қазақстан қоғамын да айналып өтпейді. Ел көлемінде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тұрмыстық және өндірістік тазалықты арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Қоғамдық санада тазалық түсінігі тек аумақты қоқыстан тазарту ғана емес, тұтас өмір сүру дағдысының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс. Бұл бастама азаматтардың экологиялық ойлау жүйесін қалыптастырып, табиғатқа жанашыр көзқарасты сіңіруді көздейді.
Экологиялық тәрбие – отбасынан басталып, білім беру мекемелерінде жалғасуы, ал жұмыс орнында нақты әрекетке ұласуы қажет. Әрбір мекеме мен ұйым өз аумағында экологиялық тәртіпті сақтап, ұжым мүшелеріне үлгі көрсеткен жағдайда ғана бұл бастама кеңінен жүзеге асады.
Тазалық пен тәртіпке мән беру – бұл бір реттік шара емес. Бұл – жүйелі түрде жүргізілетін кешенді жұмыс. Табиғи ландшафттарды қорғау, жасыл желекті сақтау, су көздерін ластамау, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап тастау сынды әрекеттер – ұзақмерзімді экологиялық саясаттың нақты көрінісі.
«Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны сақтау арқылы ұлт денсаулығына, келешек ұрпақтың өмір сапасына оң ықпал ететін бастама. Бұл бағытта жүргізілетін кез келген жұмыс – стратегиялық маңызы бар әрекет. Тажитова Алтын Қаражал қаласының білім бөлімінің әдіскері