Қоршаған ортаны қорғау мәселесі бүгінде тек экологиялық емес, сонымен бірге әлеуметтік және стратегиялық сипатқа ие. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы – табиғатты сақтауға ғана емес, қоғамның экологиялық санасын арттыруға бағытталған кешенді қозғалыс. Бұл жоба ұлттық деңгейде жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экологиялық қауіпсіздік экономикалық дамумен тікелей байланысты. Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, тұрмыстық тазалықты сақтау, жасыл аймақтарды кеңейту – елдің тұрақты дамуының алғышарттары. «Таза Қазақстан» бастамасы осы міндеттерді кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді: ол табиғатты қорғау шараларын тұрғындардың күнделікті дағдысына айналдыруды мақсат етеді.
Аталған қозғалыс тек сенбілік не белгілі бір науқанмен шектелмейді. Оның басты құндылығы – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігін арттыру, жергілікті қауымдастықтардың белсенділігін күшейту. Бұл бастама арқылы мемлекет пен қоғамның ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріліп, экологиялық мәдениет ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналмақ.
«Таза Қазақстан» – бұл тек табиғатты қорғау шарасы ғана емес, жас ұрпаққа үлгі болатын өркениетті өмір салтының қалыптасуы. Экологиялық санасы жоғары ұлт – болашағы жарқын, тұрақты дамуға қабілетті мемлекет кепілі.
Сагинтаева Гульнар Сапаровна
Қаражал қаласының Мансап орталығының директоры