Таулардың биіктігі байқалмайды…

«Ардақты ағайын, қадірменді халайық, жабырқаулы жамағат, Алатауымыз аласарып, Қаратауымыз қара жамылып, Маңғадырымыз мұңайып, Қожатауымыз қажып тұр. Бұған себеп – Өркендеу, Өндірістің тумасы, Қаражалының құрметтісі, Ақтай елінің Абыз ардақтысы, ағайынның, әулеттің мәуелі бәйтерегі – Тілеубай Амангелді (Қодан) Жетімекұлы бұл фәниден өтті…».

Бұл – Жан Ағаны ақтық сапарға шығарып салып тұрып, жаназа намазының алдында айтылған азанамадан үзінді.

Әлі есімде, 1971 жылдың шілде айының соңғы күндерінің бірі еді. Рассвет совхозы, Өркендеу бөлімшесінде тұрамыз. Ағай маған аяқастынан «Жарқын, киін, жол жүреміз Қарағандыға» деді. Менің қуанышымда шек жоқ, асығыс киіне бастадым…

Мен 1970 жылы Жаңаарқа ауданынының В.И.Ленин атындағы орта мектепті интернатта жатып бітіріп, сол жылы Қарағандыдағы политехникалық институтқа құжат тапсырып, оқуға түсе алмай қайтқан едім. Ауылға келген соң бірден әкейлердің ұйғаруымен Жаңабазға, Жайлыбай ағаймен бірге мал қыстағына кеттім. Қысты бітіріп, көктемгі егін себу науқанына ДТ-75 тракторына отырып, «Барсакелместе» жер жыртып, аздап қаражат таптым.

Қарағандыға қайта оқуға барам деп жүргенде әкей: «Сен оқуға барам дегенді қой, маған көмекші бол» деді. Әкем сол жылы ауылдың меншік жылқысын бағатын еді. Бұл сөзден кейін, көңіл-күй жоқ, қыстай дайындалған Сканавий кітабын құшақтаған бойы қалың ойдың құшағында жүрген маған, «Киін, Жарқын, кеттік» деген аға сөзі бұлт астынан күн шыққандай әсер қалдырды.

Ағай екеуміз үш аяқты «Урал» мотоциклымен Атасу станциясының вокзалына келдік. Станция бастығымен келісіп, Қарағандыға жүрейін деп тұрған товарняк поезының тамбурына мініп алып, Жарық станциясына жеттік.

Түс кезі, қарнымыз ашқан. Сол вокзал басында бөлке нан пісіретін орын бар екен, содан бір бөлке нан, дүңгіршектен айран алып, жүрек жалғап тұрып, бір-бірімізге қарап тұрып күлеміз, жаңа байқаппыз, вагондарға тиелген Қаражал шахтасының темір рудасының шаңы бетімізге жағылып, күміс шашқандай жылтырап, жалт-жұлт етеді.

Кейін ой жіберіп қарасам, ол да бір Алла Тағаланың бізге жіберген белгісіндей екен-ау. Мен сол жылы Қарағанды политехникалық институтының кен факультетіне оқуға түсіп, бес жылдан кейін, сол оқуды тәмамдап, Батыс Қаражал шахтасына кен инженері болып орналастым.

Сол жылы ағай мен жалғыз болмасын деп бүкіл әулетімізді Қаражал шаһарына көшіріп әкелді. Бұл 1976 жыл болатын. Содан бері де 50 жыл өткен екен…

Мен сені жетпіс бір жыл қара тұттым,

Мен сені жетпіс бір жыл дара тұттым.

Жетпіс бір жыл өткенде адасып қап,

Мен артыңда еңіреп, аза тұттым,

Менің мәңгі сарқылмас – Қарақұтым.

Ағам-ай, қайран, ағам-ай,

Сендей қайдан табам-ай.

Сағыныштан сарғайып,

Жүдеп-жадап барам-ай.

Жазуы шығар Алланың,

Бір жастан болдың қорғаным.

Жетпіс бір жыл соңыңнан,

Мен еруден талмадым.

Жетпіс бір жыл өткен соң,

Тәубесін айттым жалғанның.

Сағынышпен еске алушы: бауырыңыз – Жарқынбай Жетімекұлы.

Алатау Абызымыздың 40 күндік асы 2025 жылдың 24 мамыры күні сағат 13.00-де Қаражал қаласының «Алтын Орда» мейрамханасында беріледі. Арнайы оқылатын хатым Құранға, асқа барлық ағайын-туыс, құда-жекжат, нағашы, жиен, ағаймен сыйлас болған барша жамағатты шақырамыз.

Ас берушілер: бауырлары, балалары.