Табысқа жетелеген жол

Ол үшін жол – жай ғана шақырымдар емес. Бұл – жолында кездескен түрлі тағдырлар, алдыға жылжуға, адамдарға көмектесуге күш беретін, өзіне сенімділік сыйлайтын абыройлы еңбек. Жақсылық Омаров – Жәйрем кен байыту комбинаты жеңіл көліктер паркінің жүргізушісі. Ол көлігіне ғана емес, қасындағы әр адамға шынайы ықыласпен қарайды.

Жайлауға балаларды апарса да, ауыр рейстерді өткерсе де – оның жолы әрдайым тура және адал болды. Бүгінде жылдармен жинаған мол тәжірибесін жастарға үйретуде: жолда ең бастысы – адамдардың амандығы.

Жақсылық Омаров Жәйремге жақын Жеңіс станциясындағы шағын кеңшарда дүниеге келген. Оның балалық шағы жұпар иісі аңқыған кең дала мен бастау-бұлақты, салқын самалды жайлауда алаңсыз, шаттыққа толы шақтар болды.

Шопан атасы жайылымға жылқы табындарын айдап әкететін, ал кішкентай немересі болса жазды сол жерде – қыраттан-қыратқа самал желмен жарыса жүгіріп, шексіз еркіндікті сезініп өткізетін. Анасы кеңшарда еңбек етті, Жақсылық өзі де жастайынан ата-анасына қолғабыс жасап өсті.

Кішкентайынан әкесінің көлігінің жанынан айналшықтап шықпайтын. Төртінші сыныпта-ақ ол машинаның, мотоциклдің рулін нық ұстап, жолдан да, қашықтықтан да қорықпайтын. Жүргізуші болу арманы да сол бала күнінен бастау алды.

Жұмыста оған бірінші сеніп тапсырылған көлік – асханаларға, ӘТК-ге, Үшқатын кеніші мен дүкендерге нан таситын машина болды. Бұл – күнделікті атқарылатын, көзге аса көрінбейтін, бірақ өте жауапты жұмыс еді. Дәл осы қызметінен оның үлкен кәсіби жолы басталды.

Жауапкершілік пен сенім жолында 1996 жылы жұмыстың жоқтығынан Жақсылық туған ауылынан Жезқазғанға кетеді. Арада біраз жыл сырғып өтті, қалада жұмыс істеп тәжірибе жинақтады, бірақ жүрегі үнемі туған жерге қарай тартып тұрды.

2006 жылы қайтадан Жәйремге оралады. Оны бұрыннан құрмет тұтатын жерлестері құшақ жая қарсы алады. Басшылары мен әріптестері де оны жұмысқа комбинатқа қайта шақырады.

– Жәйрем комбинаты – менің туған ұжымым. Мұнда жаны жайсаң жақсы адамдар, достарым еңбек етеді. Зайыбым да осында жұмыс істейді. Бізді ортақ қызығушылықтардың біріктіретініне, ауқымды, маңызды іске бірге үлес қосуға мүмкіндігіміз бар екеніне қуанамыз, – деп бөлісті Жақсылық Мейірханұлы.

Жиырма жылдан кейін де ол көліктің тізгінін берік ұстап отыр. Осы жылдар ішінде техника өзгерді, қауіпсіздік мәдениеті өсті, жаңа жас мамандар келді. Енді өзі де оларға бар білгенін, өмірлік тәжірибесін, машинаны қалай күтіп-баптап ұстау керек, сенімді жүргізу, алдын ала ойлау, ережені сақтау және еңбекті қадірлеу жайлы үйретуде.

Бүгінгі таңда Жақсылық Toyota Hiace көлігін тізгіндеген. Алыс іссапарлар, жауапты тапсырмалардың барлығы оған жүктеледі.

– Жақсылық Мейірханұлы – жауапты, адал әрі сенімді қызметкер, – деп атап өтті көліктер цехы жеңіл көліктер легінің бастығы Әйгерім Серікова. – Біз оған ең жауапты рейстерді сеніп тапсырамыз: мамандарды, Glencore қонақтарын, комиссияны, маңызды құжаттарды тасымалдайды.

Көлігі үнемі баптаулы – таза және жып-жинақы. Егер біреудің техникасы бұзылып қалса немесе адам ауырып қалса, бірден көмекке келеді. Жақсылық аға ұжымды біріктіре біледі және әріптестеріне де жұмылған жұдырықтай болуды, бір-біріне арқа сүйеуді үйретеді.

Табыс кілті
– Құпиясы қарапайым, – дейді тәжірибелі жүргізуші. – Рейстің алдында жақсылап тұрып демалып аламын. Бұл өте маңызды. Әсіресе, комиссия келген уақытта таң сәріден қас қарайғанға дейін жұмыс істейтін кездер болады. Сергек жүру керек.

Еңбек жағдайы жақсы, қауіпсіздік жоғары деңгейде. Жұмысым қызықты – адамдармен көп араласамыз. Маған бұл ұнайды. Ал ең бастысы – қауіпсіздік.

Еңбек еткен саналы ғұмырында жарылып қалған дөңгелегін есептемегенде, бір де бір айтарлықтай жол апаты болмаған екен. Әрдайым жолға шығар алдында бәрінің дұрыс екеніне көз жеткізу үшін көлігін айналдыра мұқият тексеріп шығады.

– Күтімсіз көліктерді ұнатпаймын. Мен өзім үнемі көлігімді күтіп ұстаймын – көлігім де соған сай қызмет етеді, – деп жалғастырды Жақсылық. – Жол мен үшін – күнделікті қайталанатын, жалықтыратын жұмыс емес, өзімді күш-қуаты тасыған кәсіби маман сезінетін орын.

Мен жүйткіген көлікке, қозғалысқа толы даңғыл жолды жақсы көремін.

Біздің кейіпкеріміз бір күні Қостанайдан Жәйремге дейінгі 1200 шақырым тас жолды бір тәулікке жетпей жүріп өткенін күлімсіреп еске алады.
– Жаңа жыл болатын, түсте шығып кетіп, үйге түнгі үште жеттім. Трассада жалғыз мен болдым…

Оның еңбек жылдарында есте қаларлық оқиғалар көп. Бірде жол үстінде адамды құтқарып қалады: жол апатынан кейін алғашқы көмек көрсетіп, таңып байлап және зардап шегушіні облыс орталығындағы ауруханаға жеткізеді.

– Мен жастарды бір-біріне қол ұшын беруге үйретемін. Бұл қиын емес қой. Адам өмірінен, денсаулығынан және достықтан қымбат ештеңе жоқ, – дейді сеніммен Жақсылық.

Егер оның алдында тағы бір мәрте таңдау еркі болғанда – осы жолды таңдар еді. Механиктің дипломы бар болса да, кабинетте жұмыс істегісі келмейді:
– Менің жолым – жүйткіген көліктер, самал жел, кең дала және жаныма жақын адамдар. Маған осы жеткілікті.

Демалыс күндерін отағасы отбасымен үйде өткізеді. Ендігі армандары – кенже қыздарының университет бітіріп, аяғына нық тұрып, бақытты жанұя құрғанын көру.

Ол мыңдаған шақырымды артқа тастады, небір қиын жолдармен жүріп өтті, бірақ адалдығы, жауапкершілігі, өз ісіне және шетсіз-шексіз далаға деген махаббаты ғана өзгеріссіз қалды.

Алена ЕРМОЛАЕВА.
Фото Ж. Омаровтың жеке мұрағатынан алынды.