Табиғатқа – тазалық, адамға – адамгершілік

Бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – экологиялық мәдениет пен адамгершілік құндылықтардың үйлесімді дамуы. «Табиғатқа – тазалық, адамға – адамгершілік» қағидаты – бұл тек ұран емес, әрқайсымыз ұстануға тиіс өмірлік қағида.

Адам мен табиғат – біртұтас жүйе. Табиғат – біздің тіршілік нәріміз, байлығымыз бен болашағымыздың кепілі. Алайда, соңғы жылдары қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің төмендеуі, тұрмыстық қалдықтардың көбеюі, жасыл желектің азаюы экологиялық тепе-теңдікті бұзып отыр. Бұл тек табиғаттың емес, адамның да рухани тазалығына сын.

Тазалық – сыртқы ғана емес, ішкі мәдениеттің де көрсеткіші. Қоршаған ортаны аялау, көшені, өзен-көлдерді, саябақтарды таза ұстау – бұл әр азаматтың борышы. «Табиғатты сүйген адам – Отанын сүйеді» деген даналық сөз бар. Шынында да, туған жердің әр тасы мен талын қадірлей білген адам өз еліне шын мәнінде жанашыр бола алады.

Адамгершілік – адам өмірінің өзегі. Қай қоғамда болмасын ізгілік, сыйластық, мейірім мен жауапкершілік қасиеттері биік тұруы керек. Бүгінгі таңда осы рухани құндылықтарды жаңғырту, жастардың бойына сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әдептілік пен мейірім – таза қоғамның белгісі.

Осы бағытта қаламызда жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Биылғы жылы Қаражал-Жәйрем аумағында 3000-нан аса көшет және 2000-ға тарта гүл отырғызылды. Қызметкерлер арасында экологиялық сенбіліктер, қайырымдылық шаралары, қоғамдық бастамалар ұйымдастырылып, жас ұрпаққа үлгі көрсетілуде. Әрбір азамат өзінен бастап тазалық пен адамгершілікті дәріптесе – еліміз көркейіп, табиғатымыз жаңара түсері анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясы туралы сөйлеген сөзінде былай деген еді: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көше мен әр қаладан басталуы керек. «Таза Қазақстан» – бұл бір күндік науқан емес, бұл – біздің өмір салтымыз. Қазақстанымыз таза болуы тиіс, өйткені, лас елге қонақ та, инвестор да келмейді. Бірақ, ең алдымен – бұл өз халқымыз үшін қажет».

Бұл сөздер – баршамызға үндеу. Табиғатты қорғау мен рухани тазалық – егіз ұғым. Таза табиғат – таза ойдың, таза жүректің көрінісі. Сондықтан, әрқайсымыз күн сайын өз ісімізбен осы қағидатты дәлелдейік.

Табиғатқа – тазалық, адамға – адамгершілік!

Марат САТАНОВ,

Қаражал қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.