Табиғатқа деген құрмет — мектеп қабырғасынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «қоршаған ортаға жанашыр болу ұлттық идеологияның өзегіне айналуы керек» деп атап өтті. Президент табиғатты қорғауды ғана емес, сонымен бірге бүкіл ұлттың мәдениеті мен тәртібін, келер ұрпаққа қалдырар рухани мұрасын қайта бағдарлау қажеттігін баса айтты.

«Таза Қазақстан» ұлттық жобасы – осы бастаманың нақты көрінісі. Миллионнан астам азаматтың тазалық жұмыстарына белсенді қатысуы ел ішінде экологияға бейжай қарамайтын жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын дәлелдейді. Бұл – шынайы жасампаз патриотизм!

Президент экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуді ұсынды. Өйткені табиғатқа деген құрмет балабақшадан басталып, мектеп қабырғасынан жалғасуы тиіс. Экологияны жеке пән ретінде ғана емес, өмір салты ретінде қалыптастыру – білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі.

Жас ұрпақ табиғатпен үйлесімді өмір сүретін, жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуы үшін бұл бағытта жүйелі, тұрақты әрі ғылымға негізделген білім берілуі қажет. Бұл – болашақта су, ауа, жер ресурстарын үнемдеп, қорғай алатын азаматтарды тәрбиелеудің кепілі.

Мереке ЖҰМАНБАЕВА,
Қаражал қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы