Тағы бір МРТ кабинеті ашылды

Ұлытау облысында заманауи медициналық технологияларды қолдану үрдісі қарқынды жүруде. Соның бір айқын айғағына Жезқазған қаласының жұртшылығы өткен жылдың соңында тағы бір мәрте куә болды. Желтоқсан айының соңында мысты қаладағы облыстық көпбейінді аурухана (ОКБА) базасында «Centre Nova Diagnostic» ЖШС 1,5 Тесла магниттік өрісі бар neusoft Philips магниттік-резонанстық томография (МРТ) кабинеті ашылды.

«Centre Nova Diagnostic» жа­уап­кершілігі шектеулі серіктестігі 2010 жылдан бастап магниттік-резонанстық (МРТ) және компьютерлік томографиялық (КТ) зерттеу бойынша жоғары сапалы медициналық қызметтерді ұсынатын диагностикалық орталықтардың медициналық қызмет көрсету нарығындағы жетекші орындардың бірін иеленеді.
Аталмыш компания өз қыз­метін біздің өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) не­гізінде жүзеге асырады. Жез­қазған қаласында жұмыс тәжірибесі бар. 2017 жылдан бастап ОКБА-да 0,35 Тесла МРТ кабинеті жұмыс істейді. Өткен 5 жыл ішінде кабинет ТМККК шеңберінде 30000-нан астам пациентті қабылдаған. «Ұлытау облысының аумағындағы қолданыстағы филиалды 2024 жылы жаңғырту» жобасына өз қаражаты есебінен инвестициялар көлемі шамамен 650 миллион теңгені құрады.
Жақын арада дәрі-дәрмектік ұйқыны қолдана отырып, МРТ тексерулері жүргізіледі, мінез-құлқы бұзылған, неврологиялық және психикалық ауытқулары бар, орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы бар 1 жастан асқан балаларға, ерекше балалар мен жабық кеңістіктен қорқатын ересектерге седация жасалады.
Жалпы, бұл облыстағы жоғары көрсетілімді 1,5 Тесла МРТ кабинетінің екіншісі. Біріншісі өткен жылдың мамыр айында Жезқазған қаласының емханасы базасында ашылған болатын.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпараттарға қарағанда өткен 2024 жыл өңірдегі медицина саласын материалдық-техникалық жағынан жарақтандыруда жемісті жыл болған. Осы жылы заманауи медициналық технологияларды енгізу процесі айтарлықтай жанданыпты. Облыстың медициналық мекемелеріне жергілікті және республикалық бюджеттерден жалпы сомасы 2 млрд 223 млн теңгеге медициналық жабдықтар мен техника сатып алынған. Солардың қатарында агиограф және 128 кескінді КТ (1,4 млрд теңге) сияқты өте қажет ірі жабдықтар да бар. Қазіргі уақытта оларды ОКБА-ға орнату бойынша жұмыс жүргізілуде, пациенттерді қабылдау үстіміздегі жылдың қаңтарынан басталады.
Облыстық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесіне 347 млн 181 мың 113 теңгеге алынған инновациялық роботтандырыл­ған хирургиялық бейнелеу жүйесі (операциялық микроскоп) орна­тылды. Микроскоп дәрігердің қол­мен жасаған манипуляцияларының санын азайтады, жоғары орналасу дәлдігін қамтамасыз етеді және мидың терең бөліктеріне, соның ішінде тамырларды кесуге мүмкіндік береді. «Аталған медициналық техника біздің нейрохирургтарға диагностикалауға және миға күрделі операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді», дейді мамандар.
Тағы бір ерекше айта кететін жайт, Жаңаарқа аудандық көпсалалы ауруханасының хирургтары өткен жылы орнатылған аз инвазивті эндоскопиялық араласуларға арналған жүйенің ар­қасында икемді немесе қатты эн­доскопты қолдана отырып, лапароскопиялық операциялар жасай бастады. Осы ауруханаға сонымен қатар, лор комбайн да сатып алынды. Бұл аппараттарда Жаңаарқа ауданының тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы Қаражал қаласы мен Жәйрем кен­тінің тұрғындары да тексе­ріліп, қарала алады.
Мұның бәрі өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтерді жоғары сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ