«Таңдау өз қолында» Ұлытаулық жастар есірткіге қарсы

Сәтбаев қаласында 500-ге жуық жастарды біріктірген «Таңдау өз қолында» атты ауқымды форум болып өтті. Ұлытау облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен бұл шараның негізгі мақсаты жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және оларды салауатты өмір салтын ұстануға үндеу болды.

Форумға Ұлытау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайрбеков және Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Оспанов қатысты. Сонымен қатар, қала әкімдігінің, үкіметтік емес ұйымдардың және «Respublica» партиясының өкілдері белсене атсалысты.

Іс-шара барысында жасөспірімдерге нашақорлықтың зияны туралы толық ақпарат беріліп, оның қоғам мен жеке тұлғаға тигізетін кері әсерлері талқыланды. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған интерактивті сессиялар мен тренингтер ұйымдастырылып, жастардың сұрақтарына жауаптар берілді.

«Таңдау өз қолында» форумы жас ұрпақтың саналы таңдау жасауына, қауіпті әдеттерден аулақ болуына және өмірдегі мақсаттарына жету үшін салауатты өмір салтын таңдауына ықпал етуге бағытталған маңызды қадам болды. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар бұл бастаманың жастардың болашағы үшін зор маңызы бар екенін атап өтті.