Мен 10 сынып оқушысы ретінде, тарих пәнін оқи отырып, халқымыздың Тәуелсіздікке қалай жеткенін тереңірек түсіне бастадым. Мектеп оқулығындағы деректер, ұстаздарымыздың әңгімелері мен Желтоқсан оқиғасы туралы деректі фильмдер маған бір шындықты көрсетті: бүгінгі біз қадірлейтін еркіндік, бейбіт өмір, көк туымыз – бір күнде келген жеңіл жеңіс емес. Оның артында халықтың ғасырлар бойғы арманы, жастық қайрат, әділет үшін күрес жатыр
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – мен үшін ерекше тоқталатын тарихи кезең. Ол туралы оқыған сайын сол күндердің салмағын жүрекпен сезінгендей боламын. Қарлы боранды Алматы алаңына шыққан қазақ жастары ешқандай қақтығыс іздеп емес, «ұлттың өз тағдырын өзі шешуін» талап етіп шықты. Жастардың қайсарлығы мен әділетке деген сенімі бүкіл елге үлгі болды. Олардың ешқандай қаруы жоқ еді, бірақ, жүректерінде ұлттық намыс пен еркіндікке деген мақсат болды. Бұл оқиға Кеңес Одағының қатаң саясатына қарсы тұрудың батыл қадамы еді.
Желтоқсан көтерілісі – Тәуелсіздікке бастайтын жолдың бастауы болды. Ол қазақ халқының үнін әлемге естіртіп, оянған ұлттық рухтың айқын дәлелі болды. Бұл оқиғадан кейін Кеңес Одағы бұрынғыдай мызғымас жүйе еместігін көрсетті. Жүйенің әлсіреуі мен әлемдегі саяси өзгерістер біздің еліміздің тағдырына да ықпал етті.
1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланды. Бұл – халқымыздың сан ғасыр бойы аңсаған арманының орындалған сәті еді. Осы тарихи шешімнің арқасында біз бүгін егемен мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз өз рәміздерін қабылдады, шекарасын бекітті, заңдарын жасады, әлем елдерімен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатты. Бұның барлығы мемлекет құрудың жауапты әрі күрделі кезеңдері болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оңай болмағанын да тарихтан білдім. Экономикалық қиындықтар, әлеуметтік саладағы өзгерістер, жаңа бағыттарға бейімделу – мұның барлығы елді жұмыла еңбек етуге шақырды. Бірақ, сол кезеңдегі ұрпақтың төзімі мен табандылығының арқасында Қазақстан дамудың жаңа жолына түсті. Елге шетел дік инвестициялар тартылып, жаңа кәсіпорындар ашылып, инфрақұрылым жаңарды. Қазақстан әлемдік аренада бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтын ел ретінде танылды.
Бүгінгі күні біз – Тәуелсіз Қазақстанның ұрпағымыз. Елде жүргізіліп жатқан реформалар, әділетті қоғам құру бастамалары, адам құқығын қорғауға бағытталған жаңа саясат – тәуелсіз мемлекетті дамытудың жаңа кезеңі. Бізге бұндай мүмкіндіктер Желтоқсандағы жастардың ерлігі мен 1991 жылғы тарихи шешімдердің арқасында берілді.
Тарихты оқи отырып, бір нәрсені анық түсіндім: Тәуелсіздік бізге тегін келген жоқ. Ол – батырлардың жанкештілігі, жастың жігері, халықтың бірлігі арқылы келген қастерлі құндылық. Сондықтан, Тәуелсіздік күнін тек мереке ретінде емес, ұлттың рухын сақтаған, елдіктің бағасын көрсеткен қасиетті дата ретінде сезінуіміз керек.
Біздің міндетіміз – осы еркіндікті сақтап, елдің болашағын біліммен, еңбектенумен, бірлікпен нығайту. Өйткені, Тәуелсіздік – біздің ең үлкен байлығымыз, ең басты құндылығымыз.
Камшат ҚУАНЫШ,
№ 1 Тірек мектебінің 10 «ә» сынып оқушысы.
