«Тәуелсіздік» саябағы жаңғыруда

Қаражал қаласында соңғы жылдары қала көркіне көрік қосатын, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне арналған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – «Тәуелсіздік» саябағын жаңғырту жұмыстары. Бүгінде бұл аумақта ауқымды қайта құру және абаттандыру шаралары қызу жүріп жатыр. Жобаның басты мақсаты – қала тұрғындары үшін қауіпсіз, қолайлы әрі заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыру.

Саябақта атқарылған істер көңіл қуантады. Атап айтқанда, 2300 шаршы метр аумаққа тартан жабынды төселді. Бұл – әсіресе, спортпен шұғылдануды әдетке айналдырған қала жастары мен егде жастағы тұрғындар үшін таптырмас мүмкіндік. Мұндай жабын серуендеуге де, жүгірүге де ыңғайлы.

Сонымен қатар, 800 шаршы метрге бетон негізі құйылып, келешекте қойылатын шағын сәулет нысандарына берік негіз қаланды. Саябақ аумағындағы ескі, қауіпті ағаштар кесіліп, орны жаңа көгалдандыруға дайындалуда. Ал, жарықтандыру жүйесі саябақтың екінші бөлігінде толық орнатылып, кешкілік серуендерге қолайлы жағдай жасалды.

Қазіргі уақытта саябақта шамдар мен шағын сәулет формаларын орнатуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл элементтер саябақтың көркін аша түсіп, келушілерге жайлылық сыйлайтыны анық. Балалар алаңдары, демалыс орындықтары мен сәндік шамдар кешкі мезгілде де тынығып, уақыт өткізуге мүмкіндік береді.

Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы арнайы бақылауда. Қала әкімдігі тарапынан мердігер мекемелерге барлық жұмыстарды уақытында әрі сапалы орындау туралы нақты тапсырмалар берілді. Анықталған ескертулер жойылып, жұмыстар белгіленген мерзімге сай жалғасуда.

Жаңартылған «Тәуелсіздік» саябағы Қаражал тұрғындарының күнделікті тынығатын сүйікті орнына айналатынына сенім мол. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары бос уақыттарын тиімді өткізіп, табиғат аясында тыныстай алады. Бұл жоба тек қаланың инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, Қаражалдың көрікті келбетін де айшықтай түседі.

Алдағы уақытта саябақ тек демалыс орны ғана емес, қаланың сәулеттік нышандарының бірі болып, ел Тәуелсіздігін ұлықтайтын символдық кеңістікке айналмақ.