Тәуелсіздік – қазақ халқының сан ғасырлық асыл арманы, талай боздақтың қаны мен жанымен келген қасиетті құндылық. Осы ұлы мұратты ұлықтау мақсатында Қаражал қаласында Тәуелсіздік монументіне гүл қою рәсімі өтті. Мағыналы шара Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылып, ел тарихындағы ең бір тағдырлы кезеңдерді еске салды.
Сол күні Қаражал аспаны түнеріп, дала мұңға батқандай күй кешті. Бораған боранның арасынан жапалақтап жауған аппақ қар жер бетіне баяу қонып, Тәуелсіздік монументін ақ шымылдықпен көмкерді. Табиғаттың өзі де осы бір қасиетті сәтте ел еркіндігі жолында құрбан болған боздақтарға тағзым еткендей әсер қалдырды.
Салтанатты рәсімге Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова, Қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар, сол тарихи кезеңнің куәгерлері, ардагерлер, өңірдің ақылгөй ақсақалдары, жалынды жастар мен мекеме қызметкерлері қатысты.
Шара барысында қала әкімі Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойып, ел еркіндігі жолында жанын қиған азаматтарға терең құрмет көрсетті. Әр қойылған гүл шоқтары – өткенге тағзым, әрбір үнсіздік – бабалар рухына көрсетілген құрмет еді.
Азаттық үшін жанын пида еткен боздақтарды еске алуға арналған бір минут үнсіздік орнағанда, сол бір сәттің салмағы әрбір жүрекке терең ой салып, тағзым мен жауапкершілікті айқын сезіндірді. Бұл – тарих пен бүгінді жалғаған, ұрпақ санасына елдік пен ерліктің маңызын сіңірген жүрекке жылы, рухқа биік сәт болды.
Шара барысында Тәуелсіздіктің тарихи маңызы, оның оңайлықпен келмегені, азаттық жолындағы күрестің ауыр да қастерлі бағасы туралы кеңінен айтылды. Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының еркіндікке деген асқақ ұмтылысының жарқын көрінісі екені, сол күнгі ерлік бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасына айналғаны ерекше аталды.
Мұндай тағылымды іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастырып, ел тарихына деген құрметті арттырары сөзсіз. Бұл рәсім – Тәуелсіздіктің қадірін терең сезінуге, азат елдің азаматы болудың жауапкершілігін жүрекпен түйсінуге бағытталған маңызды қадам болды.
Тәуелсіздік – мәңгілік ел болудың берік негізі. Ал сол Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, оны келер ұрпаққа аманат ету – әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
