Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз

Тәуелсіздік күні – еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше, мағынасы терең мереке. Бұл күн – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманының орындалған сәті. Егемендікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан дербес даму жолына түсіп, қысқа уақыт ішінде қарыштап дамып, әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қосылды. Биыл тәуелсіз Қазақ елінің қалыптасқанына 34 жыл толып отыр.

Қаражал қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты тағылымды дөңгелек үстел өтті. Шараға қала мекемелерінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Басқосудың алғы сөзі Қаражал қалалық мәслихат депутаты, Аналар кеңесінің төрайымы Зәмзагүл Оспановаға берілді. Ол өз сөзінде заң мен тәртіп қағидатын қоғам санасында орнықтырудың, адалдық пен ашықтыққа негізделген орта қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Дөңгелек үстел аясында Қаражал қаласының аға прокуроры Мақсат Қалиев, сондай-ақ, Қаражал қалалық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Жарас Малтиков сөз сөйлеп, заңды құрметтеу мен қоғамдық тәртіпті сақтау әрбір азаматтың парызы екенін жеткізді.

Осы орайда Ұлытау облысының Қоғам дық даму басқармасының Алғыс хаттары табысталды. Атап айтқанда, Қаражал қаласының Қазынашылық басқармасының басшысы Самал Тусипова, Қаражал қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы Шыңғыс Сағындық, қаламыздың волонтерлері, № 7 ЖББМ 9-сынып оқушысы Нұрислам Құрманов және аталмыш мектептің 11-сынып оқушысы Ақерке Құдыш марапатталды.

Дөңгелек үстел барысында қаламыздағы мекеме қызметкерлері Тәуелсіздіктің жемісі, оған жету жолындағы тарихи қадамдар, сондай-ақ, заң мен тәртіптің қоғамдағы маңызы жөнінде ой-толғамдарымен бөлісті.

Аға ұрпақпен сұхбаттасу мақсатында келген № 1 Тірек мектебінің оқушылар парламентінің мүшелері Тәуелсіздік тақырыбындағы өлеңдерді мәнерлеп оқып, еліміздің жетістіктері жайлы ойларын ортаға салды.

Өздері дайындаған жұмыстарын ұсынып, жас ұрпақтың тәуелсіз ел болашағындағы жауапкершілігі мен заңға деген құрметі жайлы пікір алмасты. Жастардың ел болашағына деген сенімі мен отансүйгіштік рухы көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Іс-шара барысында Тәуелсіздіктің басты тіректерінің бірі – заң мен тәртіп екені ерекше айтылды. Заң үстемдігі орнаған, тәртіп сақталған елде ғана тұрақтылық пен даму болатыны, Конституция мен заңдардың орындалуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы тәуелсіздігіміздің берік кепілі екені атап өтілді.

Сонымен қатар, № 1 Тірек мектебі, № 7 жалпы білім беретін мектептің тарих пәнінің мұғалімдері Шынболат Төлегенов пен Әлия Мухаметжанова Тәуелсіздік жолындағы тарихи кезеңдерге тоқталып, жас ұрпаққа ел тарихын білу мен құрметтеудің маңызын түсіндірді.

Осылайша, «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты дөңгелек үстел елдік құндылықтарды дәріптеп, Тәуелсіздіктің мәні мен маңызын терең ұғындырған тағылымды басқосу болды.

Шараға қатысушылар Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау, заң мен тәртіпті құрметтеу, Отанға адал қызмет ету – әрбір азаматтың қасиетті борышы екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді.

Мұндай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастырып, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағына деген сенімді нығайта беретіні сөзсіз.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ