Тәуелсіздік – бабалардың ұраны

Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасадық. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады.

Дәл осы төл мереке қарсаңында қаламыздың мәдени-сауық орталығының қызметкерлері мәжіліс залында жалынды жастармен іс-шара ұйымдастырды. Яғни, «Тәуелсіздік – бабалардың ұраны» атты қаламыздың белсенді азаматтарымен және тәуелсіздік құрдастарымен дөңгелек стол өтті.
Тәуелсіздік – ұлт пен ұлыстың татулығы, отандастарымыздың табанды еңбегі мен ерік-жігерінің жемісі. Сондықтан да, тарихи оқиғалар тоғысқан бұл мерекені қазақ халқы, оның ішінде бой түзеп өсіп келе жатқан жалынды жастар жүрегімен сезінуі керек. Ұйымдастырушылар тарапынан мектеп оқушыларына Тәуелсіздік тарихынан сыр шертіп, бірнеше интеллектуалды сұрақтар да қойылды. Сондай-ақ, рухани кездесуде Тәуелсіздік құрдастары №1 және №7 жалпы білім беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімдері Шынболат Төлегенов пен Сағыныш Сейтжаппарова оқушылармен сыр-сұхбат жүргізді. Тарих пәнінің мұғалімдері тарихтан сыр шертіп, оқушылар да біраз ақпаратты болып қайтты.
Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің Тәуелсіздігі баянды болып, рухты, жалынды, намысты жастарымыз көп болғай.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ