«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 17 бабына сәйкес жарамдылық мерзімі белгіленген тауарға қатысты тұтынушы тауардағы кемшіліктер туралы, егер олар тауардың жарамдылық мерзімі ішінде табылса, талаптар қоюға құқылы.
- Егер тауарға кепілдік мерзімі белгіленген болса, тауардағы кемшіліктер кепілдік мерзімі ішінде табылған кезде тұтынушы тауардың кемшіліктерімен байланысты талаптарды қоюға құқылы.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі тауар сатып алушыға берілген кезден бастап есептеледі.
Егер тауарға кепілдік мерзімі немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауардағы кемшіліктер тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл шегінде табылған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта бұдан да ұзақ мерзімдер белгіленбесе, тұтынушы тауардың кемшіліктерімен байланысты талаптарды қоя алады.
Шартта көзделген кепілдік мерзімі екі жылдан аз уақытты құраған және тұтынушы тауардағы кемшіліктерді кепілдік мерзімі өткеннен кейін, бірақ тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл ішінде тапқан жағдайларда, егер тұтынушы тауардағы кемшіліктердің тауар тұтынушыға берілгенге дейін немесе сол кезге дейін туындаған себептер бойынша туындағанын дәлелдесе, сатушы (дайындаушы) жауапты болады.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, жиынтықтаушы бұйымға кепілдік мерзімі негізгі бұйымға кепілдік мерзіміне тең болып есептеледі және негізгі бұйымға кепілдік мерзіммен бір мезгілде жүре бастайды.
Тауарды (жинақтаушы бұйымды) ауыстырған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі қайта есептеледі.
Шартта жиынтықтаушы бұйымдарға және тауардың құрамдас бөлігіне кепілдік мерзімінің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің ұзақтығынан аз болып белгіленген жағдайда, тұтынушы жиынтықтаушы бұйымдағы және тауардың құрамдас бөлігіндегі кемшіліктер туралы талаптарды олар негізгі бұйымның кепілдік мерзімі ішінде табылған кезде қоюға құқылы.