Ағымдағы жылдың маусым айында Ұлытау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне қаламыздың тұрғыны тігін ательесіне шағымданып келеді.
Әлгі тұтынушының айтуынша, тігінші өз міндетін орындамаған түгілі мүлкін құртып тастағанын жеткізді.
Қызын ұзатпақ болған тұрғын тігін ательесіне жүгінуді жөн санайды. Дүкеннің дайын көйлегінің орнына ерекше көйлек тіктіруді ұйғарады.
Сөйтіп, 50 000 теңге тұратын матаны алып, әлгі ательеге барады. Өлшемдерін алған шебер уақтылы әрі сапалы етіп көйлекті пішіп беремін деп уәде етеді. Алайда, салтанатты шараға санаулы уақыт қалған кезде төбесінен жай түскендей көрініске тап болады. Көйлек тігілмегені бір бөлек, қомақты қаражатқа алынған матаның жарамсыз күйде жатқанын көреді. Арада түсініспеушілік орнайды. Тіпті шебер кешірім сұраудың орнына тұтынушыға дөрекілік танытады. Мата қалдықтарын қолына ұстатып, қайда барсаң сонда бар деп ательеден қуып шығады.
Осы кезде құқығы тапталған тұрғын Департаментке келіп, кеңес алады. Департамент қызметкерлері заң аясында сотқа дейінгі шараларды атқарып, жазбаша наразылық жазу қажеттігін жеткізеді. Сотқа шағым беруге көмек береді. Сот барысында екі тарап ортақ мәмліге келеді. Келісім бойынша енді ателье тігіншісі бір көйлектің орнына екі көйлек тігіп беретіндігін айтып, уәде етеді.
Осылайша тұтынушы мен қызмет көрсетуші ортақ мәмлеге келеді. Бұл ретте айтарымыз, қандай да бір қызмет көрсету жұмыстарымен айналыссаңыз өз міндеттеріңізді сапалы орындау қажеттігін жеткіземіз.
Сонымен қатар, тұтынушы ретінде құқығыңыз тапталса, Ұлытау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің қызметкерлері заң аясында көмек беруге әрдайым дайын екендіктерін естеріңізге салады.
