ТӨРТКІЛ ДҮНИЕ КӨЗ ТІККЕН Ұлы дала дүбірі басталар күн таяу

Иә, енді санаулы күндерден кейін ел ордасы – Астана қаласында Түркі халықтарының мәдени және рухани жақындасуына септігін тигізетін үлкен спорттық іс-шара – Көшпенділер ойыны да жалауын көтереді. Бесінші рет ұйымдастырылып жатқан бұл ойынға төрткіл дүние көз тігіп, тағатсыздана күтіп отыр.

Байрақты бәсеке 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Оған 100-ден аса мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысып, Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді деп жоспарланған. Қазір Елордада ірі жарысты өткізуге дайындықтың соңғы сәттерін пысықтап жатыр. Дода өтетін нысандар күрделі жөндеуден өтіп, туристер мен қонақтар үшін 32 қонақ үйлер дайындалуда.
Жалпы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары. Жарыстар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген.
Көшпенділер ойындарының тарихы
Алғаш рет Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорттық шара кейін әлемдік мәртебеге ие болып, барған сайын Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстанда өтті. Шопан ата қаласы халықаралық жарысты үш рет қабылдады. 2014 жылы – 19 елден 10 спорт түрінен 583 спортшы қатысса, 2016 жылы – 62 елден 26 спорт түрінен 1 200 спортшы, 2018 жылы – 82 елден 37 спорт түрінен 2 000 спортшы қатысқан.
ІV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткізілді. Оған 82 елден 13 спорт түрінен 3 000 спортшы келді.
Бесінші ойын Қазақстанда, Астана қаласында қыркүйек айының басында өтеді.
Қыркүйек айы – жазғы жайлаудан қысқы қонысқа көшудің аяқталуын білдіретін мерекеге сілтеме. Дәстүр бойынша, адамдар және киіз үйлер, мүлік тиелген көш-керуенінің жол бойы салт-дәстүрлер, ойындар мен жарыстар өткізіп, ол жаңа қоныста аяқталатын.

Кімдер қатысады?
Қандай ойындар өтеді?

Хоош. Сонымен, 8-14 қыркүйек аралығында Астанада Ү Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін болды. Көшпенділер ойындарына бірінші кезекте халқы көшпелілер өркениетінің мұрагерлері болып табылатын елдер қатысады. Алайда, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде көшпенді емес елдерден де командалар қатысады деп жоспарлануда.
Бүгінде Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұлттық спорт түрлерінен әлемдегі ең ірі жарыс болып табылады. Соған орай, Астана қаласында 7 күнге созылатын жарыстарға шамамен 100-ден астам елден 3000-ға жуық қатысушы келеді деп күтілуде. Олар ұлттық спорттың 21 түрінен өзара бақ сынасады. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары бар. Осы сайыстар бойынша 97 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Ойын түрлері «Астана Арена» стадионында, «Қазанат» ипподромында, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында, «Алау» мұз сарайында және «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені мен «Думан» кешені сияқты 6 елордалық нысанда өтеді.

Логотип пен медаль
қандай болады?

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізі ұраны – «Ұлы дала дүбірі» деп аталады. Әрбір ірі спорттық жарыстардың өзіне тән ерекше үлгісімен логотипі болады. Бұл доданың логотипінде күнбасты салт атты бейнеленген. Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымының сәндік элементтеріне ұқсайды. Логотип қою қызыл түспен боялған. Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сеніммен ұшталады. Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті бұйымдар әрленген. Ойын атауы мыңжылдықтың басында түркі руналарында қолданылған түпнұсқа шрифтпен жазылған. Логотип түсі көшпенділердің материалдық әлемінен алынған. Ал медаль қола қорытпасынан жасалған. Медальдің ортасында көшпелілер өркениетінің белгісі – ат үстіндегі Күн басты адамның таңбасы бар. Медальдің контуры ұлттық символымыз шаңырақ түрінде жасалған. Медаль таспасы ерекше, сердолик минералының түсі секілді. Онда ойындардың өтетін орны мен уақыты көрсетілген естелік жазба бар.

Қонақтар мен туристер
қандай іс-шараларды көреді?

Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асырылады. «Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әле­мі» атауымен этноауыл құрылады. Этноауылда апта бойы Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Этноауылды бір күн­де 30 мың көрерменнің аралауына жағдай жасалған.

МАРАФОНШЫ ЖЕРЛЕСІМІЗ
көшпенділер ойынын насихаттайды

Танымал саяхатшы және марафоншы жерлесіміз Сәрсенбай Қотырашов шамамен 3000 шақырымды құрайтын үлкен жаяу сапарға аттанады. Ол өзінің үш айға созылатын сапарын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнайтынын жеткізді.
– Мен өзімнің жаяу саяхатымды алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнаймын. Біз көшпенділердің ұрпағымыз және олардың бай мәдениеті мен мұраларын әлемге танытқым келеді. Мен Алтай және Моңғолия арқылы Қытайға дейін жетуді жоспарлап отырмын, – деді Сәрсенбай аға сапарға аттанар алдында.
Сапар барысында Сәрсенбай Оспанұлы көшпенді халықтардың мәдениеті мен дәстүрлерімен танысып, өз әсерлерімен және жаңалықтарымен әлеуметтік желілер мен медиа арқылы көпшілікпен бөлісуді жоспарлап отыр. Оның экспедициясы Орталық Азия көшпенді халықтарының бай тарихы мен мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған.
Орайы келгенде айта кетейік, Сәрсенбай Қотырашов – марафоншы, саяхатшы, шабыттандырушы тұлға. Ол өзінің жаяу саяхатын 2022 жылы, 72 жасында бастады. Бұл жылы жерлесіміз еліміздің 17 облысын 6 айда аралап, 8000 шақырым жолды жаяу жүріп өтті. Ал, 2023 жылы Атырау (Қазақстан) қаласынан Ыстамбұл (Түркия) қаласына дейін жаяу 3000 шақырым қашықтықты бағындырды.
Биыл, Ресей, Моңғолия, Қытай елдеріне жасайтын сапарында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын барынша насихаттаймын деп отыр.

ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІНЕ
Ұлытау облысы да үн қосады

Сонымен, 2024 жылдың 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз есігін айқара ашпақ. Осы орайда «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылып, Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді деп жоспарлануда.

Осы айшықты шарада өтетін аталмыш көрме-жәрмеңкеге Ұлытау облысынан ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген Гүлғайша Ауезова бастаған бір топ іскер, шебер қолды қыз-келіншектер де қатысады. Шеберлердің қолынан шыққан бұйымдары Елордамызда өткен «Аламан құрақ» жобасында ҚР КИННЕС-тің рекордтар кітабына енген болатын. Ендігі мақсат – қазағымыздың құрақ көрпесін әлемге паш ету.
Сонымен қатар, 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін айтулы шараға елімізден 216 спортшы, 32 жаттықтырушы қатысады. Олардың қатарында Ұлытау облысының да үш споршысы бар.

Топтаманы әзірлеген
Ізтай Белгібайұлы.