Тәрбиелік мәні зор іс-шара

Жәйрем кентінің №30 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі Раушан Аханның жетекшілігімен «Теріс пиғылды діни ағымды білесіз бе?» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Аталмыш іс-шараның мақсаты –оқушыларға теріс ағымдарға бағытталған көзқарастардан бас тартуға, өзіндік дұрыс бағдарын таңдауға ықпал ету, яғни, алдын алу шарасы ретінде түсіндірме жұмысын жүргізу болды. Іс-шараның басталуында «Теріс діни ағымды білесіз бе?» атты бейнеролик көрсетілді. Одан кейін арнайы шақырылған қонақ – кенттің найб имамы Азамат Жайлаубаевқа сөз берілді. Оқушыларға теріс ағымдардың ерекшеліктері мен дәстүрлі діннен ажырату белгілерін айта келе, жастарды әуелгі кезекте білім алып, ата-аналарын сыйлауға, бір-біріне мейірімді болуға шақырды.
Оқушылар тарапынан да діни тақырыпта найб имамға сұрақтар қойылып, тиісті жауаптарын алды. Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған кент әкімдігінің бас маманы Айнұр Еркінқызына да сөз кезегі беріліп, қоғамдық маңызы зор іс-шараның өткізіліп жатқанына алғысын білдіре келе, болашақта да бұдан да ауқымды деңгейде өткізілсе деген ұсынысын ортаға салды. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ербол Салкинов, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дана Абильдина, кітапханашы Жеңісгүл Смайлова, әлеуметтік педагог Әсем Төлеуова сынды арнайы шақырылған қонақтарға сөз беріліп, ұйымдастырылған шараның жоғары деңгейде өткізілгеніне және тәрбиелік мәні зор екендігіне ризашылықтарын танытты. Аталмыш іс-шараның со­ңында келген қонақтар оқушылардың өнерлерін тамашалады.

Өз тілшімізден.